Көппен бірге таңдауымды жасадым

(0 Votes)

Ауданымыздың аузы дуалы, жастарға бағыт сілтер, айтары мол қарияларының бір жақсы қасиеті – маңызды саяси науқаннан сырттап қалмайды.

Бұл бұрыннан қалыптасқан игі дәстүр. Оны талай көріп те жүрміз. Өйткені, алдағы қоғамдық-саяси өміріміз бүгінгі таңдауымызға байланысты екенін үлкендер жақсы ұғамыз. Ал, кеше дауыс беруге барғанда байқағаным орта буын өкілдері мен жастар да көптеп келіп жатты. Бұл қуанарлық жайт. Көзі қарақты, көкірегі ояу әрбір азамат бүгінгі таңдауы арқылы еліміздің ертеңгі өсіп-өркендеуіне үлес қосатынын түсінеді. Кейбір адамдар отбасымен келіп дауыс бергенінен де хабардармыз. Мұның өзі халықтың Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттардың сайлауына түсіністікпен қарап, үлкен сенім артқанының көрінісі.

Бұл сайлауға жеті бірдей партия мен өзін-өзі ұсынған үміткерлер де қатысты. Барлығының байқаушылары сайлау учаскесінде отырды. Ашықтықтың, демократиялық жолмен жүріп келе жатқанымыздың белгісі ғой бұл. Құқық бұзушылық, артық нәрселер болмай тыныш өтіп жатқанын байқадым. Көппен бірге мен де таңдауымды жасап, ұсынылған бес бюллетенде үміткерді белгіледім. Сол арқылы азаматтық міндетімді өтедім. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл», дейді халқымыз, Мәжілістің жаңа құрамы Президентіміздің жүргізіп отырған саясатында қолдау білдіреді деген сенімдемін. Ел өміріне тиімді жаңа заңдар қабылданарына атсалысады деген үміттемін. Сайлауға түсіп, жеңіске жеткен барлық үміткерлерге де сәттілік тілеймін.

Өмірзақ Қажымғалиев,

Қазақстан Жазушылар одағы аудандық филиалының төрағасы.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT