Кешіруге болмайтын жауыздық

(0 Votes)

«31 мамырда біз саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске аламыз. Қазақ зиялыларының қаймағы, ел басшылары түп-тамырымен жойылды. Олар барша Қазақстан бойынша салынған 11 лагерьдің қабырғасында ауыр азаптардан көз жұмды. Онда миллионнан астам адам тұтқында болды.Тарихымыздың қасіретті беттері, саяси қуғын-сүргін және ашаршы¬лық құрбандары әрқашан біздің жадымызда және оны ұмытпау біздің қасиетті борышымыз», - деген болатын Тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаев.

Елімізде 1997 жылдан бастап 31 мамыр Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні болып ресми түрде бекітілді. Себебі, 1937-1939 жылдар аралығында қазақтың бас көтерер зиялы қауымының көпшілігі осы сұрқыл саясаттың құрбанына айналды. Одан бұрын, Тәуелсіздік алғаннан соң, 1993 жылдың 14 сәуірінде «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданған болатын. Заңның мақсаты - әділдікті орнату және зардап шеккендердің шығынын өтеу. Тарихшылардың бағалауынша одақ бойынша 1927-1953 жылдары 60 миллион адам, оның ішінде Қазақстанда 103 мың адам қуғын-сүргінге ұшыраған. Олардың 25 мыңы атылды.

Тізімдегі атылған 631 адамның 80 пайызы қазақтың белгілі адамдары. Көбі алаштың арыстары. 1929-1933 жылдары Қазақ АКСР ОГПУ-ы 9805 істі қарап, 22933 адам жөнінде шешім қабылдаса, соның ішінде 3386-сына ең жоғары жаза – ату жөнінде үкім шығарылған. Сталиндік қуғын-сүргін жылдарында бүкіл елде 953 лагерь мен қоныс мекендері болса, оның 11-і Қазақстанда орын тепкен. Олар: Алжир, Қарлаг, Дальний, Степной, Песчаный, Қамыслаг, Ақтөбе, Жезқазған, Петропавл, Кеңгір және Өскемен лагерьлері. 1937-1938 жылдары қуғын-сүргін шарықтау шегіне жетті. Қазақтың бетке ұстар арыстары Тұрар Рысқұлов, Әлихан Бөкейханов, Бейімбет Майлин, Мағжан Жұмабаев, Ахмет Байтұрсынов, Ілияс Жансүгіров, Сәкен Сейфуллин, Санжар Асфендияров, Халел Досмұханбетов, Жаханша Досмұхамбетов және басқалары осы жылы атылды. Деректерге сүйенсек сол зұлмат жылдары Атырау облысынан 22 мыңның үстіндегі адам қуғын-сүргінге ұшыраған. Үштіктің шешімімен оның 2500-дейі сотталып, 620-сы ату жазасына кесілген. Олардың ішінде ауданымыздың көрнекті адамдары мен қатардағы тұрғындары да кеткен. Атап айтсақ, ату жазасына кесілгендердің арасында жерлесіміз, Ордадағы төтенше комиссияда бөлім бастығы, қызыл әскер полкінің комиссары, бірнеше ауданда партия комитетінің хатшысы, облыстық партия комитетінің ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі болған Мағауия Өтегенов, белгілі қоғам қайраткері, заңгер Уәлитхан Танашев, ауданымызда ұстаз болған, кейін республикада халық ағарту комиссары қызметін атқарған Нұғыман Манаев, Қазақ АКСР Орталық комитетінің төрағасы Сейітқали Меңдешов, көптеген ғылыми және көркем шығармалардың авторы Салахиден Сарталиев, Хұсайын Танашев,Мүбина Танашева-Ниязова, Ғұмар Баймұханов, Алпан Құдайбергенов,Ыстамғали, Хамит, Салауат Ақботиндер, Шәміш Сүлейменов, Мұхсин Әубекеров, Жұмабай Юсупов, Мұхаммедшәріп Бекбаев, Қапар Боранқұлов, Қайырқұл Жүсіпов, Мүсіреп Әспенбетов, Сейітқали Салиев, Нұрғали Сағындықов, Мусапар Қосаев бар. 1937 жылдың үшінші шілдесінде НКВД-ның Батыс Сібір бойынша басқармасының бастығы Миронов пен Қазақстанның Ішкі істер халық комиссары Залин бір мезгілде шұғыл құпия тапсырма алған. Онда күзеті күшейтіліп, қатаң тәртіптегі тікенек сыммен және биік дуалмен қоршалған концентрациялық лагерь ұйымдастыруға пәрмен берілген. Ол қанқұйлы қылмыскерлер мен кәнігі ұрыларға емес, нәзік жанды аналарды, қыздар мен балаларды ұстауға арналған. Қарағанды ГУЛАГ-ының құрамына енгізілген бұл азап мекемесі – АЛЖИР деп аталды. Тарқатып айтсақ, «Отанын сатқандар әйелдерінің Ақмола лагері».

Бұл шифрограммаға ГУЛАГ бастығы Берман қол қойғанымен, оның тікелей әміршісі НКВД бастығы Ежов еді. Әйелдерді сырқатына, жүктілігіне, сәбилі болуына қарамастан осында әкеліп тоғытты. Себебі, үкіметтің пайымдауынша әйелдер мен қыздар күйеулері мен әкелерінің көзқарастарын қолдайды, демек – халық жаулары. 1937-1938 жылдары мұнда 20 мың әйел жазасын өтеді. Олардың арасында бұрынғы көрнекті партия-кеңес қайраткерлерінің жұбайлары Әзиза Рысқұлова, Зинаида Тухачевская, Дәмеш Жүргенова, Әбиша Қабылова және басқалары болды. Мыңдаған жазықсыз жандар Ақмола маңындағы Малиновка ауылына Мәскеуден, Ленинградтан, Одессадан, кең байтақ Одақтың барлық түкпірінен ағылды. 1938 жылдың 28 ақпанында алғашқы этаппен аяқтарына жеңіл аяқ киім киген әйелдер Ақмоланың қытымыр табиғатына қадам басты. Мұнда олар мал бақты, бақшада жұмыс істеді, қырқыншы жылдары әскерге киім тікті. Ауыр жұмыстан, аурудан ондап қырылды. Лагерь басшылығы мен күзетшілерінің зорлық-зомбылығына ұшырады. Қорлыққа шыдай алмай өмірлерін қиғандар да кездесті. Мерзімдерін өтегеннен кейін де олар лагерь маңындағы қоныстардан ұзамады. Өйткені төлқұжаттарында елдің 39 қаласына баруға тыйым салынған белгі соғылды.

Осы АЛЖИР-де жазықсыз атылған Салахиден Сарталиевтің жары Шәрипа Манаева, Сейітқали Меңдешовтің жұбайы Рәзия Меңдешовалар 5 жылдан астам отырған. Олар да халық жауы деп танылған. Кеңестік жүйенің бассыздықтарына кей кезде еріксіз таңғаласың. Мысалы, 1937 жылы Мәскеу қаласын және облысын қаңғыбастардан, қауіпті элементтерден тазарту жөнінде бұйрық шыққан. Соған сай шаһар мен облыстағы милиция бөлімшелеріне жоспарлар берілген. Онда қай бөлімше қанша адамды ұстап, Сібірге жіберетіні анық жазылған. Кәдімгі осынша қойдан мынандай төл алу керек деген сияқты. Жоспар орындалмаған жағдайда басшылары мен жеке құрамы сотталған. Сол себепті милициялар көшеге шығып төлқұжатсыз жүргендерді ұстап, түрмеге тоғытқан. Артынша ұсталғандар түгелдей Сібірге айдалған. Олардың қатарында төлқұжатын үйге тастап, дүкеннен нан алуға шыққандар, қалаға түрлі шаруаларымен және туыстарына қонаққа келгендер де болған. Араларында Кеңес Үкіметін орнатуға белсене қатысқандар да кеткен. Бәрі «Халық жауы». Ұсталғандарды солтүстікте жаңадан салынып жатқан лагерьге апарған. Лагерь коменданты осыншама адамды қабылдай алмайтынын айтқаны үшін орнынан алынып, атылған. Жаңа басшы тұтқындарды бір мезгіл ғана тамақпен қамтыған.Мұнда лагерь күзетшілері өздерін кінәздардай сезінген. Қаласа кез келген адамды атып тастай салған. Олардың қолдауымен алтын тістері барларға аңшылық ұйымдастырылған. Кәнігі қылмыскерлер оны арақ-шарапқа айырбастаған. Бірнеше жылға созылған қанқұйлы қылмыс бір журналистің араласуымен ғана ауыздықталған. Журналист іссапарында көргенін Мәскеуге барғаннан кейін ебін тауып Сталинге жазған. Осыдан кейін ғана ондағы адамдар азайтылып, қылмысқа қатысы бар басшылар мен күзетшілер жазаға тартылған. Қазақстан астанасында 2012 жылы саяси қуғын-сүргін құрбандары құрметіне ескерткіш орнатылды. Монумент ауыр жылдардағы халықтың шеккен зардабы мен қайғысын еске салады. Жанында әйелдер мен балалардың мүсіндері бар, киіз үйдің бір бөлшегі «Кереге» сипатындағы кешен «Аза тұту қабырғасын» танытады. Тәуелсіздік жылдары 146,5 мың күнәсіз жазғырылған отандасымыздың аттары жазылған 14 «Аза кітабы» жарыққа шықты. Заңнамаға сәйкес, 340 мыңнан астам заңсыз қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтар ақталды. Қуғын-сүргінге ұшырағандар тарихымыздың азалы беттері, оларды еске алып, құрмет тұту бүгінгі ұрпақтың басты парызы.

Қанат ҒҰМАРОВ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT