Ел тарихындағы елеулі оқиғаға белсенді атсалысу – басты міндет. Конституцияға енгізілетін өзгерістер ішінен маған ұнағаны – «суперпрезиденттік» басқарудан бас тартып, парламенттік рөлдің күшейетіні.
«Бұл «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын табысты жүзеге асыруға жол ашады. Біз болашақта қандай ел болатынымызды білеміз. Жаңа Қазақстанды азаматтық қоғамы қалыптасқан тиімді мемлекетке айналдырамыз» деп атап өткен болатын ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев. Бұл жолғы референдумның басты ерекшелігінің бірі – Президент өкілеттілігінің белгілі бір дәрежеде шектелетінінде, бұл жаңарған Қазақстанның жарқын қадамы деп бағалауға болады.
Бұрынғы сайлауымыз бір кісінің билігін орнықтыру үшін арналған болса, ендігісі одан өзгерек. Себебі, ауданнан бастап партиялық жүйелерді басқару, сонымен сайлану, алдын ала шешім қабылданып, алдауменен өтіп келді. Жоғарыдағылар сайлау комиссиясына емес, әкімдерге тапсырма беріп, олар соны жүзеге асырды. Міне, осы жүйемен парламенттегі шенеуніктер мәслихатта сайланды. Оның депутаттарын жалған сайлап, соны партияға өткізді. Олар өзін әкелген басшыға қарсы шыға алмайтыны белгілі. Міне, осындай қитұрқы саясат тек бір кісіге ғана бағынуға әкеліп соқты. Қазір, олай емес. Аудан мен облыстың мәслихаттарына тұрғындар кімді сайлағысы келеді, соны таңдап алады. Бұл біреудің емес, әр азаматтың қалауын білдіреді. Солай сайланған депутаттар өзін сайлаған сайлаушылар алдында ғана жауап береді. Ол атқарушы билікке тәуелді емес.
Енді республикалық партияда сенсация болып, жетпіс пайыздық партия отыз пайыз жеке бағдарға берілді. Ол өте дұрыс. Себебі, республикалық деңгейде бұл мемлекеттің саясатын белгілейді. Ал, оны әр партия өзінше қорытады. Біреуі экономика, келесісі экология бағытында жүргізеді. Халық сол партиялардың ішінен өзінің ұстанымымен сай келетін партияны сайлайды. Кейін жеңімпазы атқарушы билік пен үкіметке ықпал етеді.
Қазір билік басындағылар партияға мүшелік етіп отыр. Сондықтан олар партияға емес, партия оларға тәуелді. Сонда екі арада іскерлік қатынас байланысады. Осыменен біздің демократиялық үрдісіміз дамиды. Енді, сыбайластыққа қарсы президенттің туыстары ешбір билік орнында қызмет жасай алмайды.
Тағы бір мәселе, халық құқығын орындау. Енді соттың ең жоғарысы - конституциялық сот. Ата заң бойынша оған кез келген жүгіне алады. Осылайша, әр адам өз құқығын қорғай алады. Алда, судьяларды сайлау енгізілгелі жатыр. Бұл – үлкен жетістік. Қорыта айтсақ, Конституцияға енгізілгелі отырған бұл өзгерістер еліміздің болашағының қарқынды дамуына серпін беретіні анық. Сондықтан, Қазақстан ұрпағының жарқын болашағы, кемел келешегі үшін аянбай атсалысайық! Осындай, қазақстандықтардың игілігіне жасалып жатқан референдумды қолдауға, дауыс беруге баршаңызды шақырамыз.
Өмірзақ Қажымғалиев, академик, жазушы