Наурыз айының басында Елбасымыз Қазақстан Республикасы Парламенті палаталарының бірлескен отырысында еліміздің дамуы үшін зор маңызға ие тағы бір құжатты жариялады.
Осы отырыста ел экономикасы мен әлеуметтік жағдайды көтерудің бес бағытын ұсынды. Алғашқысы қазақстандықтардың тұрғын үймен қамтамасыз етілуі. Ол үшін «7-20-25» бағдарламасы бойынша жылдық қайтарымы 7 пайыз болатын және қайтарым мерзімі 25 жыл несиелерін беру көзделді. Сондай-ақ, құрылыс материалдарының да қолжетімді болу қажеттілігі сөз етілді. Салық ставкаларын төмендету арқылы ел азаматтарының жағдайын жақсартуға жәрдемдесу келесі айтылған мәселе болды. 2019 жылдың 1 қаңтарында салық мөлшерлемесін 10 есе азайтып, әлеуметтік жағдайды біршама жоғарылату үшін негіз жасау көзделді. Одан кейінгі басымдық білім саласына берілді. Биылғы оқу жылында мемлекеттік гранттар санын 20000 орынға көбейту қарастырылмақ. Техникалық, ауыл шаруашылық салалары мамандықтарына гранттар санын өсіре отырып, жас қазақстандықтардың сапалы білім алуына қол жеткізу арқылы болашағымызды қорғауға мүмкіншілік аламыз. Жастарды тұрғылықты жатақханалармен қамтамасыз етуде, 2022 жылға дейін 25 000 орын дайындау тапсырылады.
Бұл студенттердің пәтер шығындарының болмауына, жатақханаға деген сұранысты толығымен жоюға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, қазақстандықтардың іскерлік белсенділіктерін арттыруға, жұмыссыздық санын азайтуға байланысты шағын бизнесті қолдау үшін 20 млрд. теңге бөліну қажеттілігі аталды. Жұмыссыздықтың деңгейін азайтып, екі қолға бір күрек іздегендерге, өз ісімен айналысқысы келген азаматтарға жаңа мүмкіндіктер ашылады. Қазақстан аймағында газ құбырларымен толық қамтамасыз ету үшін барлық жағдайларды жасау – үндеудің бесінші бастамасы. Осы аталған бес бағыт еліміздің әлеуметтік тұрмыс-тіршілігін жақсартуға, жұмыспен қамту мәселесін шешуге, ел экономикасының дамуына үлкен септігін тигізетін болады. Елбасымыз әрбір бағытты орындауға барлық Парламент депутаттарының атсалысуын, егер мақсаттарға қол жеткізу үшін заң жобаларын өзгерту қажеттілігі туындап жатса, қайта қарастыруды тапсырды. Барлық бағыттағы тапсырмалардың орындалуы шынайы түрде, қол жеткізуге болатын жағдайлар.Оның орындалу барысы, нәтижелерін қадағалау «Нұр Отан» партиясына тапсырылды. Біздің еліміздің тәуелсіз мемлекет болып қалыптасуы бірден болмағандығы тарихтан аян. Көптеген қиыншылықтар мен сынақтардан өту арқылы, ата-бабамыздың аңсаған армандарына қол жеткізгенімізге биыл желтоқсан айында 27 жыл толмақ. Осы жылдар аралығында ілгері бастық. Қазақстандықтардың әлеуметтік жағдайларын жақсартуға бағытталған бес бастама дер кезінде қарастырылды деп санаймын.
Елбасының әлеуметтік топтарға көңіл бөлуі, ел болашағы жастарды тұрғын үймен қамтамасыз ету жолдары бойынша ұсынған бағдарламалары тиімді, әрі шынайы, орындауға болатын қадам. Білім саласында Қазақстан аймағында экономикалық маңызы бар, сұранысқа көп ие техникалық мамандарды даярлау, ауыл шаруашылығы саласына қатысты мамандарға мемлекеттік гранттардың санын арттыру, қажетті, әрі сапалы кадрлар шығаруға мол мүмкіншілік береді. Бәсекеге қабілетті жас мамандарымыз өз істерін ашу арқылы еліміздің ілгерілеуіне зор үлесін қосары сөзсіз. Оған жету үшін әрбір қазақстандық ел экономикасын, әлеуметтік жағдайын жақсартуға байланысты өз үлестерін, біліктіліктері мен бәсекеге қабілеттіліктерін көрсетсе болғаны.
Айдарбек ЗИНОЛЛАЕВ,
Қиғаш ауылдықокругінің әкімі.