«Депутат болу – биік мансап емес, бұл – зор жауапкершілік және маңызды міндет. Сіздерді халық сайлады. Жұрт өздеріңізге сенім артып отыр.
Ел сенімі – ел аманаты. Қадірлі қауым! Бізге орасан зор жауапкершілік жүктелген. Бұл – өткен тарихтың және болашақтың алдындағы жауапкершілік. Келер ұрпақтың қандай мемлекетте өмір сүретіні біздің бүгінгі шешімдерімізге тікелей байланысты. Еліміздің мақсаты айқын. Бұл - әділетті Қазақстанды құру», - деді Мемлекет басшысы Парламент палаталарының бірлескен отырысында.
Президент мұның бәрі бір күнде жасалатын шаруа еместігіне баса назар аудартты. «Баршамыз табанды, еңбекқор, білікті, ұқыпты, тәртіпті болуымыз керек. Ең алдымен отаншыл болуымыз қажет. Ұлттың және мемлекеттің мүддесі бәрінен биік тұруға тиіс. Әрине, қоғамның дамуы үшін пікір алуандығы қажет. Бірақ, елдік мәселелерге келгенде «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара» білген жөн. Елімізді өркендету үшін еңбек ету – баршамыздың азаматтық борышымыз. Ендеше, Отан алдындағы осы перзенттік парызымызға әрдайым адал болайық», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Расында «Отан оттан да ыстық» деп дана халқымыз бекер айтпаған. Сол жалғыз Отанымыздың гүлденуі жолында Мемлекет басшысының әр бастамасын іске асыру үшін жұдырықтай жұмылып, бірлігімізден танбасақ берекелі тірлік кешеріміз айқын. Халқымыз небір зұлмат жылдарды, аштық пен соғысты тобығынан қан кешіп жүріп бірлесе еңсерген. Ырыс алды – ынтымақ. Осы сөзді байрақ етіп көтерер кез келді. Басымыз бүтін, келешегіміз кемел болсын десек, керітартпалыққа бас ұрмай, әрқайсымыз елдің патриот азаматы ретінде көксеген арман-мұраттарымызға өзара татулық-келісіммен нық қадам басайық дегім келеді.
Балғаным Хасенова,
аудандық аналар кеңесінің төрайымы