Мен, 2019 жылы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың филология бакалаврының, кейін «Қайнар» академиясында маркетинг саласы бойынша магистранты атанып, ата-анамның ұясынан Құрманғазыға келін боп түсіп, 2020 жылдан бері ұстаздық ұлы жолда қызмет етудемін.
Мектеп бітірер шағымда әкем, менен «шәкірт тәрбиелеуден жалықпаған мұғалімнің бейнесін көретінін» айтып, сол салаға бағыттаған еді. Асқар тауымның бағытына бой алып, айтқанын тыңдағаннан сүрінгенім жоқ. Бүгінде М.В.Ломоносов атындағы жалпы орта мектебінің қазақ тілі және әдебиетінің педагогы әрі аға-тәлімгерімін. Университет қабырғасында жүріп, студенттердің алды болып, белсенділер қатарынан табылған тәжірибем, қазіргі еңбегіме көп септігін тигізуде. Жүректің батырлығын айқындайтын осы жолды таңдағаныма еш өкінгенім жоқ. Мектеп қабырғасында жүргенімде маған сабақ берген апайларымның қағаздан көз ашпайтыны, оған қоса, тапқан табысының әрең жетітіндігіне таңдансам да, әке арманы бойыма мақсат боп бітіп, қамтылу жағынан ақсарымды білсем де тәуекел еттім. Солай күн артынан күн өтіп, жылға жыл жалғасып, 3 курста жүргенімде Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революциясы жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына жолдауы жарияланған еді. Он бағытты қамтыған бұл үндеудегі басты бағдар білім саласындағы олқылықтарды реттеу болған.
Педагогтардың статусын айқын көрсететін, қағазбасылықтан арылып, жалақысын да екі есеге дейін өсіру қажеттігіне жауапты орынға тапсырма жүктеген еді. Осылайша, жаңа заң да көп кешікпей қабылданып, кемшілігі түзеліп, қолданысқа президенттік тақ босатылған соң ғана енген болатын. Осылайша, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың берген бағытының арқасында қоғам, мұғалімдік жұмыстың қаншалықты ауыр әрі жауапкершілігі мол екенін ұққандай. Өйткені, баланың партаға алғаш отырған шағынан бастап берген білімінен бөлек, оқушының бойына сіңірген адами асыл қасиеттер - сол ұстаздың айнасындай болады. Екінші анаға теңеуі де сондықтан. Тәуелсіздіктің алғашқы он жылдығында өмірге келіп, еліме септігім тиер маманға айналғаныма биыл – 3 жыл. Аз жыл еңбек етсем де, көп тәжірибе жинақтадым. Карьерада өстім, біліктілігімді арттырдым. Қоғамда өз пікірім бар тұлғаға айналдым. Мұндай мүмкіндіктердің қолжетімді болғанының артында Нұрсұлтан Әбішұлының сарабдал саясаты тұр. Соның айқын көрінісі – оқушы жанының бағбаны болған біздің қызметтің құндылығын өзгелердің тануы, құрметпен қарауы. Бұрын мектеп бітіруші түлектер мұнайшы болуға асыққан болса, қазір ұстаздық мамандықты таңдайды. Себебі, әлем тарихындағы соңғы жаңалық қай маманның қаншалықты қажеттігін дәлелдеп берді. Десе де, жалақысына емес, берер білімнің сапасына мән берейік. Жаның сүйіп жасаған істің берекесі мол, ризығы көп.
Назерке Шырақбайқызы
Ломоносов атындағы жалпы орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі,
аға-тәлімгер