Ел сенімін ақтау – басты мақсатым

(0 Votes)

Күні кеше ғана еліміздің саяси өмірінде маңызды науқан орын алып, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттардың кезектен тыс сайлауы өтті.

Осы додаға бір мандатты №13 сайлау учаскесінен түсіп жеңіске жеттім. Маған сенім білдірген барлық сайлаушыларыма ризашылығымды білдіремін.

Бұған дейін аудандық мәслихаттың ІІ-ІІІ-IV-V-VI шақырылымының депутаты болдым. VII шақырылымында сайлауға түспеген едім. 19 наурызда өткен аудандық мәслихаттың VIII шақырылымына кері түстім. Мажоритарлық жүйе бойынша сайлау өткен №13 сайлау учаскесі Азғыр өңірін қамтиды. Мұндағы 3 округке 9 елді мекен – Жалғызапан, Сүйіндік, Азғыр, Батырбек, Асан, Үштаған, Балқұдық, Қоңыртерек, Егінқұдық ауылдары кіреді. Олардағы 7500 халықтың ішінде 3666 сайлаушы бар. Сайлаудың өту барысына келсек, әділ, таза жүрді деп айта аламын. Менің 24 сенімді өкілім болды. Олардың барлығы да осындай пікірде. Ешқандай заңға қарсы әрекеттер орын алған жоқ. Учаскелік сайлау комиссиясы жақсы жұмыс жасады. Азғыр өңірінің өзекті мәселелері маған жақсы таныс. Депутат болған кезімде олардың біразын шешуге атсалыстым. Менің көтерген мәселелерімнің ішінде қазір де шешімін күткендері мен шешілу үстінде тұрғандары бар. Бірінші кезекте соларды қолға аламын. Мақсатым өзіме сенім білдірген елдің үмітін ақтап, олардың оң нәтижесін табуына ықпал ету. Президентіміздің Жаңа Қазақстанды құру саясатына қолдау білдіріп, өз үлесімді қосу.

Мансур Қуаншәлиев, Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы, Қазақстан мәслихаттарының Құрметті депутаты.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT