Билік тармақтарының жұмысын жақсартады

(0 Votes)

Биыл күзде өткізілгелі отырған Президент сайлауы – еліміздің болашағын айқындайтын, мемлекеттік құрылымды жаңаша қалыптастыратын өте маңызды шешім. Бұл жаңа саяси дәуірге басталған қадам. Сайлау – қазақстандықтарды Жаңа Қазақстанды құруды қолға алған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың маңайына тығыз топтастырып, әділетті қоғам құруға, ел байлығының халыққа теңдей бөлінуге жағдай жасап, бейбіт әрі берекелі өмірдің орнығуын қамтамасыз етеді деп ойлаймын. Сол себепті қазіргі заманға сай таразыласақ, депутаттардың сайлау өткізу жайлы ұсынысы ықтимал құқықтық қарама-қайшылықтың алдын алады және Әділетті Қазақстан қағидасына сай келеді. Реформаларға қарқын беріп, саяси жүйенің барлық жағынан жаңа тәртіп бойынша жаңаруына бастайды.

Жалпы президентті бір мерзімге жеті жылға сайлау және оның қайта сайлауға түсуін шектеу еліміздің демократиялық бағытын айқындаған, Орта Азияда бұрын-соңды болмаған жаңалық. Мемлекет басшысын бір жылға сайлау кейбір мемлекеттерде, мысалы, Израил, Мексика, Оңтүстік Корея, Армения сияқты елдерде болғанымен, Азияда бұған дейін ешбір президент өз билігін шектеп, әрі бір рет сайлану туралы сөз қозғаған емес. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының туған-туыстарының экономикалық және саяси лауазымды иеленуі де шектелді. Қасым-Жомарт Кемелұлы дипломатияның жай-жапсарын, сыртқы және ішкі саясатты жетік білетін сұңғыла саясаткер ғана емес, елдің ертеңгі дамуына қарқын беретін бағытты дұрыс таңдай білетін басшы екенін де ісімен дәлелдеп отыр. Демек, демократиялық басқару моделіне жол ашылады. Енді ешкім президент болып ұзақ жылдарға сайланбайды. Бұл еліміздің суперпрезиденттік биліктен толық кетуіне жол ашып, бұрын жоғары жаққа қарап, өздігінен көп қозғала қоймайтын биліктің басқа тармақтарының жұмысын жақсы жолға қояды деп есептеймін. Әрі жеті жыл саяси бәскелестікті арттыруға да мүмкіндік беретін, президенттің елді дамыту бағытындағы түрлі бағдарламаларды қабылдап ғана қоймай, ауқымды істерді атқаруына да жеткілікті мезгіл.

Сол себепті, жасалып отырған Конституциялық өзгерістерді қолдаймын. Барлығы да Қазақстанның халықаралық аренада беделін бұрынғыдан да көтере түсу, халқымыздың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту, экономикалық әлеуетіміздің арттыру үшін жасалып жатырған игі қадамдар деп түсінемін.

 

Ұлан Иманғалиев, "Серпердің" штаттан тыс тілшісі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT