Алдағы сайлаудан қарапайым халықтың күтері мол. Шыны керек, халық нақты іске көшетін кезді көптен күтуде. Бұл – ел тарихындағы ұлы өзгерістер бастауы.
Жалпы, Президент тарапынан жасалған қадамдардың бәрі – халық игілігі үшін. Сондықтан алдағы сайлау халық үміттенгендей өзгеше болады деген сенімдемін. Өзгеріс халық мүддесі үшін қажет деп ойлаймын. Жаңа Қазақстанда авторитарлық саяси жүйе емес, демократиялық саяси жүйе басымдық алуы қажет. Мен үшін бұл – «Жаңа Қазақстандағы» ең маңызды көрсеткіш һәм фактор. Тарқатып айтсақ, билік уақытылы ауысып, алда әділ сайлау өткізілуі тиіс. Бұл – біріншіден. Екіншіден, заң үстемдігі шын мәнісінде орнауы қажет. Яғни адамның дәрежесіне, лауазымына қарамастан, заң талаптары бәріне бірдей болуы керек. Жаңа Қазақстан, бұл – өткенге құрметпен қарап, жаңашылдыққа тың көзқараспен ұмтылу. «Күшті Президент. Ықпалды Парламент. Есеп беретін Үкімет» – Президенттің көксегені де осы.
Әлем назарынан бөлек, тұрғындарға сенім ұялатып отырған сайлау отандық және шетелдік байқаушылардың қатысуымен әділ әрі ашық өтетініне сенемін. Егер Президент өкілеттігі 7 жыл болса, ол халыққа берген уәдесін тиімді әрі дер кезінде орындауға ұмтылады. Себебі, екінші мүмкіндік жоқ және 7 жылда ауқымды бағдарламаларды жүзеге асыруға болады. Сайлаудың маңызы жәшікке қағаз салу ғана емес. Әр сайлаудан кейін өзгерістердің де болатыны анық. Біз өз тағдырымыз үшін еліміздің ертеңі, береке-бірлігі, халқымыздың бақуатты тірлігі үшін дауыс береміз. Ел бүтіндігі, қарыштап дамуы, әлем алдындағы беделі, ізгі бастамалардың жүзеге асуы үшін дауыс беру азаматтық парызымыз. Әрқайсымыз Қазақстан атты алып шаңырақтың бір-бір уығымыз.
Сағидолла Кулов,
медицина саласының ардагері