«Аmanat» партиясы аудандық филиалында өткен басқосуда ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» тақырыбындағы Жолдауы талқыланып, берекелі ел болудағы қиын да күрделі жолдың бағдары айтылды.
Партияның аудандық филиалының атқарушы хатшысы Өмірболат Есенғазиев Жолдаудың негізгі басымдықтарына тоқталып, қоғам сұранысына сай жауап берген маңызды құжатта бірізді кешендер ұсынылғанын жеткізді. Аудандық мәслихат хатшысы Болат Жүгінісов әлеуметтік мәселелерге жете тоқталып, әсіресе денсаулық сақтау саласында жүзеге асатын игілікті істерді атады.
Еңбек ардагері, партия мүшесі Жұмақай Ғұмаров ауданымызда Жолдау бойынша іс-шара жоспары жасақталуы, оның орындалысы үнемі назарда ұсталуы қажеттігін тілге тиек етіп, өңір ауыл шаруашылығына қолайлы аймақ болғандықтан ондағы қордаланған біраз мәселелер бойынша өзінің бірқатар ұсыныстарын ортаға салды. Облыстық мәслихат депутаты Зәмзагүл Карсакова биылғы Жолдаудың ерекшелігі мен жаңалықтарын алға тартып, әсіресе мемлекеттік сатып алу заңындағы өзгерістерді қуана қолдайтынын, ауыл жастары Үкімет тарапынан көрсетілетін мүмкіндіктерден тыс қалмауы қажеттігін жеткізді.
Аудандық мәслихат депутаты Бержан Кенжебаев, Құрманғазы, Байда ауылдық округтерінің әкімдері Абдуррахман Муса, Жүсіп Төреғалиев Жолдауда айтылғандардың барлығы тиісінше орындалар болса, қордаланған мәселелер біртіндеп шешілетінін тілге тиек етті.
Айнагүл Шакупова