Қазақстан халқына Жолдауын жариялаған Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың аудан әкімдеріне жергілікті бюджетті басқару құқығын берген жөн деп бастама көтергені қатты қуантты.
Себебі, ел экономикасы шалғай ауылдардан басталады. Өзім де қазір Құрманғазы ауылдық округі әкімінің орынбасары болып жемісті еңбек етіп келемін. Сондықтан маған бұл қызмет бағыты өте жақсы таныс. Бәріміз де елге елеулі, халыққа қалаулы азаматтардың дені ауылдан шыққанын жақсы білеміз. «Аудан әкімдеріне жергілікті бюджетті басқару құқығын берген жөн деп санаймын. Бұл ең алдымен, сол жердегі мәселелерді жедел шешу үшін қажет.
Бұдан бөлек, жергілікті бюджетке жиналатын салыққа қатысты жеңілдіктерді анықтау құқығын аймақтардың өзіне беру мәселесін қарастыру керек.
Бұл шара бизнестің дамуына үлкен серпіліс әкелмек. Ұсынылып отырған бастама өте маңызды. Келешекте аймақтардың табысты дамуына айрықша ықпал етеді. Сол себепті, барлық әкім бюджетаралық қатынастардың жаңа үлгісіне көшу кезінде оның біртұтас мемлекетімізге тигізетін пайдасы және тиімділігі туралы ойлауы керек» деген Мемлекет басшысының ұсынысы барша қазақстандықтардың тарапынан қолдау табатындығына жүз пайыз сенімдімін.
Құрманғазы ауданында ауыл әкімдіктерінің бастамаларымен жүзеге асып жатқан жобалар жетерлік. Яғни, ауыл әкімдері де жергілікті бюджетті тиімді басқара алады деп нық сеніммен айта аламын. Сондықтан уақыт күттірмей олардың қолына мемлекет қазынасын сенімді тапсыра беруге болады деп ойлаймын. Осылайша мемлекеттік басқаруға барлық деңгейдегі азаматтарды қатыстыра отырып, нағыз естуші мемлекет моделін қалыптастыруға мүмкіндік ашылмақ.
Мерей ӘЖІГЕРЕЕВ,
Құрманғазы ауылдық округі әкімінің орынбасары