Алдағы бір ай мерзім ішінде елімізде саяси науқан қыза түсетіні кім-кімге де аян. Барша қазақ халқы алда келе жатқан кезектен тыс президент сайлауын асыға күтуде. Еліміздің әрі қарай да дамуы жолында бейбіт аспан астында өз таңдауларын жасамақ.
Осы орайда, «20 қарашада өтетін кезектен тыс президент сайлауы ауданның дайындығы қандай деңгейде?» деген заңды сауал өзінен өзі туындары анық.
Бұл сұраққа жауабын іздемек ниетпен аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Болат Бралиевке хабарласқанымызда төмендегі мәліметтермен бөлісті. – аудан бойынша аумақтық сайлау комиссиясына қарасты 1 аудандық, 36 учаскелік сайлау комиссиясы бар. Оның құрамындағы 233 мүшесі саяи науқанды өз деңгейінде атқаруға атсалысатын болады. Сайлау учаскелерінің 22-сі мектеп ғимаратында, 18-і мәдениет үйі, екеуі балабақшада орналасқан. Күні бүгін ауданымызда 34949 сайлаушы тіркеліп отыр, оның ішінде 217 мүмкіндігі шектеулі азаматтар, - деген ол учаскелік сайлау комиссиясы мүшелері оқытылып, сайлау өтетін ғимараттар алдына баннерлер орнатылғанын, көшелерге көрнекіліктер ілінгенін жеткізді.
Кейінгі уақыттарда болып жүрген сайлаулардың нәтижесіне көз жүгіртсек, аудан тұрғындарының саяси белсенділігі тым тәуір жақсы. Аумақтық сайлау комиссиясының төрағасының мәліметінше, жаз айында, яғни 5 маусымда өткен референдумға ауданда тіркелген сайлаушылардың 82,6 пайызы қатысып, азаматтық еріктерін білдіріпті. Сонымен қатар, биылғы жылғы ауданның Жаңаталап, Көптоғай, Еңбекші және кеше ғана өткен Қиғаш, Сүйіндік ауылдық округтерінің әкімін сайлауға да ауыл тұрғындары белсене қатысып, өздері қалаған ауыл басшыларын сайлап алды. Осыған қарап аудан халқы да алдағы президент сайлауына бір кісідей қатысып, өз таңдауларын жасайды деген үміттеміз. Сондықтан алда келе жатқан сайлауға барлығымыз белсенді түрде атсалысып, мемлекетіміздің өркендеуіне үлес қосқанымыз жөн. Әр азаматтың дауысы маңызды. Сол үшін сіз де Қазақстан Республикасының азаматы ретінде өз таңдауыңызды жасауға лайықсыз.
Айбек ӘНУАРҰЛЫ
Сурет: ашық дереккөз