ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Біріккен Ұлттар Ұйымы бастаған халықаралық ұйымдардың басшыларына, саясаткерлер мен сарапшыларға Қазақстанның съез өткізу туралы бастамасына қолдау білдіргені үшін ризашылық білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бұл бейбітшілікті сақтауға және өркениетаралық диалогты нығайтуға бәріміздің мүдделі екенімізді көрсетеді. Өзгеріске толы әрі белгісіздік белең алған қазіргі заманда бүгінгі басқосудың айрықша мәні бар. Біріккен ұлттар ұйымының басқа да халықаралық ұйымдардың басшыларына, саясаткерлерге және сарапшыларға ризашылығымды білдіремін. Съез өткізу туралы бастамамызға сіздердің қолдау көрсеткендеріңіз еліміз үшін өте маңызды»,- деді Мемлекет басшысы Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII съезінің жалпы отырысында.
Сондай-ақ Президент аталмыш съездің мәні мен маңызына тоқталды.
«Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі бүгінде жаһандық деңгейдегі өркениетаралық диалог алаңына айналды», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Айта кету керек, екі күнге созылатын съезге 50 елден 100-ден астам делегация, оның ішінде ислам, христиан, буддизм, иудаизм, индуизм, даосизм, зороастризм, синтоизм діндерінің өкілдері, сондай-ақ саясаткерлер мен қоғам қайраткерлері, халықаралық ұйым мүшелері келген.
Діни форумға арнайы қонақ Рим Папасы Францисктен бөлек Әл-Азхардың Жоғарғы имамы Ахмед Мохаммед Ахмед ат-Тайеб, Иерусалим Патриархы III Теофил, Ашкеназдың бас раввині Давид Лау, Израильдің Бас сефард раввині Ицхак Иосиф және басқа да діни жетекшілер, бірқатар халықаралық ұйым өкілдері қатысуда.