2020 жылдың басында Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне «мал ұрлау» туралы жаңа 188-1 бабы енгізілген.
Аталған бапта ауыл тұрғындарын алаңдатып отырған барымташылардың жазасы күшейтілген. Төрт түлік малы – ауылдық жердің халқы үшін күнкөріс, табыс көзі, азық көзі. Аталған заңның жаңа бабына сәйкес мал ұрлығы ауыр қылмыстар санатына жатқызылады.
Соңғы кездері Құрманғазы аудандық соты өндірісінде ұрлық, соның ішінде мал ұрлығына қатысты қылмыстық істер азаяр емес. Өткен әзірде аудандық сот өндірісінде 2 сотталушыға қатысты 1 қылмыстық іс қаралды. Олар келесідей әрекеттер жасаған: 2021 жылдың сәуір айының 2- сі күні сағат кешкі 20-00 шамасында бұрыннан таныс Қайрат пен Самат (аттары өзгертіліп алынды) ішімдік ішіп отырған кезде Саматтың әйелі жұбайына өзіне бәрінде бар ұялы телефонды алып бермейсің деп ренішін айтып, екеуінің арасында жанжал туындаған. Самат ашуланып, ұрлық жасап телефон алып беретінін айтып, үйінен қатты ашумен шығып кеткен. Бұл сөздерді қасында отырған Қайрат естіген. Одан әрі ойын іске асырмақ болып, Самат үйдің сыртында тұрған өзінің мотокөлігіне отырып, мал жайылып жүрген «Шегенді» учаскесіне барған. Өрісте жайылып жүрген көршісі Талғаттың 1 үйір жылқы малын өзінің мал қорасына айдап әкелген. Қайратқа ұялы телефон соғып, мал қорасын ашуды сұраған. Сол жерде Қайрат еш ойланбастан мал қораға малдарды кіргізуге көмек беріп, екеуі 1,5 жастық тайды таңдап алып жерге жығып, аяқтарын арнайы үйден алып келген арқан жібімен байлап, малды сойып, еттерін қапқа салған. Сол түнде еттерді мотокөлікке тиеп, таныстарына апарып сатып жіберген. Келесі күні ұрлаған жылқы малының терісі мен сирақтарын жерге көміп, қылмыстың ізін жасыруға жұмыстанған. Бұл қылмыстың нәтижесінде малдың иесі Талғатқа 250 000 теңге материалдық залал келтірілген.
Жәбірленуші өзінің жылқы малының жоғалғанын анықтап, полиция бөліміне арызданған. Сөйтіп, Самат пен Қайрат полицияға ұсталып, оларға күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылады. Сотта Самат пен Қайрат мал ұрлығы болып табылатын қылмысты жасағандағы кінәлары дәлелін тауып, екеуіне 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалады. Міне, оңай олжаға кенелмек болғандар, әділ жазасын алып, түрмеге тоғытылды. Бұл оңай олжа десе, құнығып тұратын, көзі қараятын өзгеге сабақ.
Салтанат Мусина,
аудандық соттың кеңсе меңгерушісі