Зорлықсыз өмір – бақытты болашақ

(0 Votes)

Жаңаталап ауылдық мәдениет үйінде Құрманғазы ауданы әкімі жанындағы әйелдер істері отбасы-демографиялық комиссия, аудандық аналар кеңесі, отбасын қолдау орталығының қолдауымен «Салауатты сана» республикалық жобасын басшылыққа ала отырып «Зорлықсыз өмір – бақытты болашақ» атты аудандық семинар ұйымдастырылды.

Мақсат – тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын-алу және оған жол бермеу, осы бағытта атқарылып жатқан шаралар туралы халықты кеңінен хабардар ету, сондай-ақ қоғамдағы отбасының рөлін нығайтып, аналардың құқықтық сауаттылығын арттыру. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауларында әйел мен бала құқығына, қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөліп, «Басты міндетіміз – әйелдер мен балалар құқығын қорғау» деген. Осылайша, қоғамдағы әйелдердің гендерлік теңдігі – құқықтық, саяси және экономикалық мүмкіндіктермен өлшенетіндігіне ерекше мән берді. Дегенмен, жыл сайын ел бойынша жүздеген әйел күйеуінен немесе басқа туыстарынан қашып, көмек пен баспана іздейді. Әйелдер құқығына қатысты өзекті мәселелер әлі күнге шешімін тапқан жоқ. Алдымен аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Мерей Әжігереев, Жаңаталап ауылдық округі әкімінің кеңесшісі семинар жұмысына сәттілік тілеп, шараның маңыздылығына тоқталды. З.Исмагулов атындағы халық театры тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған отбасының қойылымын сахналады.

Одан әрі пресс конференция жалғасын тауып, спикерлер ортаға шақырылды. Құрманғазы ауданы прокуратурасының прокуроры Дәулет Абайұлы «Зорлық-зомбылыққа қарсы әрекет ету бойынша жаңа реформалар және заңдағы өзгерістер » жөнінде түсінік берді. «Отбасылық тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу: құқықтық мүмкіндіктер және зардап шеккендерді қорғау мен қолдау шаралары» туралы ақпараттандыру үшін аудандық полиция бөлімі жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің бастығы Талғат Исаев ортаға шақырылды. Қазақта «үй болған соң ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды» дейді. Мұндайда әйелдің де, еркектің де өз уәжі бар. Соңғы кездері түсінбестіктен туындаған жанжалдың арты түрлі жағдайларға әкеліп соқтыруда. Осы тұрғыда «Аудандық отбасын қолдау орталығының өмірдеқиын жағдайға тап болған отбасыларды ерте анықтау және олармен жұмысы жөнінде» яғни орталықтың тыныс-тіршілігімен таныстыру үшін сөз Атырау облыстық мәслихатының депутаты, аудандық Отбасын қолдау орталығының бөлім басшысы, аудан әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі комиссияның төрағасының орынбасары Замзагүл Карсаковаға берілді.

Құрылғанына аз уақыт болса да орталықтың атқарған оңды істері жөнінде спикер жан-жақты баяндады. Қазіргі цифрлық әлемдегі жасөспірімдердің қауіпсіздігіне әрбір ата-ана немқұрайлы қарамайтыны анық. Ал бұған ата-ана, мұғалім, қоғамның ортақ жауапкершілігі. Аталған тақырып жөнінде өз ойын бөлісу үшін Алтынсарин атындағы жалпы орта мектеп директорының орынбасары, Жаңаталап ауылдық аналар кеңесінің мүшесі Гүлжан Қайроваға сөз кезегі ұсынылды. Пресс конференция барысында Отбасын қолдау орталығы дайындаған тақырыпқа орай бейнепікір, бейнеролик көрсетілді. 

Қатысушылармен кері байланыс орнатылып, олар ауқымды тақырыптарға орай өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, ұсыныстарын ортаға салды. Соңында аудандық аналар кеңесінің төрайымы Балғаным Хасенова семинарды қорытындылады. Иә, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болған әрбір әйел қорлыққа шыдап отыра бермей, бұл туралы ашық айтуы, яғни үнсіз қалмауы тиіс. Жалпы, әйел бақытты болса, ұрпақ бақытты ғұмыр кешетінін естен шығармайық. Ал әйелді жылатсақ, обалына қалсақ, алға баспаймыз. Әлем – әйелмен әдемі, ал әлем әйелге әділетті болғаны жөн. 

Айнагүл Шакупова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT