Республикалық экологиялық «Таза Қазақстан» науқаны шеңберінде жолшылар 40 нысанды тазалап, абаттандыру жұмыстарын жүргізді, деп хабарлайды Egemen.kz ҚР Көлік министрлігіне сілтеме жасап.
Аталған акция тарихи-мәдени ескерткіштерді, шолу алаңдарын, кемпингтер мен жол бойындағы қызмет көрсету нысандарын қамтыды. Сөз етілген нысандарда қоқыстарды жинау, аумақтарды тазарту және инфрақұрылымды күтіп-ұстау жұмыстары атқарылды. Республикалық науқанға «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ және «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» ШЖҚ РМК қызметкерлері, сондай-ақ олардың өңірлердегі филиалдарының қызметкерлері қатысты. Еліміздің әр аймағында тазалау жұмыстарын жүргізу үшін бірнеше нысан таңдалды. Мәселен, Ақтөбе облысында жол қызметкерлері «Атырау – Ақтөбе» автомобиль жолының бойында орналасқан Есет батыр ескерткіші маңындағы аумақты тазарту бойынша сенбілік өткізді. Түркістан облысында жолшылар Мақтаарал ауданындағы Алпамыс батыр ескерткішін абаттандырды.
Солтүстік Қазақстан облысында «Астана – Петропавл» автожолында орналасқан «С – 80 тракторы» архитектуралық нысаны ретке келтіріліп, Шығыс Қазақстан облысында қазақтың тұңғыш әскери ұшқышы Жақыпбек Малдыбаевтың ескерткіші аймағында сенбілік өткізілді.