Жасыратыны жоқ, қазір жол апаты тым жиілеп кетті. Әсіресе, жол бойында жастардың өмірі үзіліп жатыр. Бұған Президентімізідң бей-жай қарай алмай, биылғы кезекті Жолдауында мәселені шұғыл шешуді тапсырды.
«Жол апаттары қоғамның зор алаңдаушылығын туғызып отыр. Жыл басынан бері жол-көлік оқиғасынан 1300-ден астам адам қаза болып, 16 мыңнан астам азамат зардап шекті. Адамдар күн сайын жол үстінде қазаға ұшырап жатыр. Олардың арасында тұтас отбасылар да бар» деді ол.
Рас қой, алақандай Атыраудың өзінде күн сайын, тіпті күніне бірнеше жол-көлік оқиғасы орын алып жатады. Сөздің шыны керек, қазір отбасымызбен алыс жолға жеңіл көлікпен сапар шегуге қорқатын болдық. Бірақ, Құрманғазыдан облыс орталығына жеңіл көліктен басқасы жүрмейді ғой. Тек «Атырау-Астрахан» бағытында автобус жүреді, әйтсе де, оның бағасы өте қымбат, себебі алыс жолға есептелген.
Осы ретте, мүмкінідкті пайдалана отырып, аймақтың ең үлкен ауданы Құрманғазыдан Атырау қаласына автоубс қатынаса деген ұсынымыды айта кеткім келеді.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы жол-көлік инфрақұрылымын жақсартуды және интеллектуалдық жүйені енгізуді де ұсынып отыр.
Бұл – жергілікті ғана емес, республикалық жолдарға да қатысты мәселе. Соның ішінде, Атырау-Құрманғазы бағытындағы тасжол да республикалық маңызды трасса екенін ескерген жөн. Оның үстімен күн сайын жүздеген небір ауыр жүк көліктері жүйткіп өтеді. Сондықтан, әрине, осы салаға жауапты мекеме автокөліктердің техникалық жағдайына тиісті бақылау жасауы қажет.
Еркінбек Халенов,
кәсіпкер