Жиырмаға жуық тұрғын алданып қалған

(0 Votes)

Қазіргі уақытта цифрлық технологиялардың қарқынды дамуы адамдардың күнделікті өмірін жеңілдетіп қана қоймай, алаяқтардың да құрған тұзағын  жетілдіруіне жол ашуда.

Соның салдарынан еліміздің түкпір-түкпірінде интернет алаяқтық фактілері көбейіп барады. Қаншама адам алданып, бар жиған-тергенінен айырылуда. Бұдан Құрманғазы ауылдық округі де шет қалмады. 2025 жылдың басынан бері округ бойынша 20-ға жуық ауыл тұрғыны интернет алаяқтардың арбауына түсіп, материалдық шығынға ұшыраған. Алаяқтардың қолданатын әдістері түрліше: кейбірі банк қызметкері ретінде қоңырау шалып, тұрғындардың жеке деректерін сұрап, есепшоттарын босатып жатса, енді біреулері әлеуметтік желілер арқылы «жеңіл несие», «жоғары табыс» уәде етіп, ақша жымқырады. Аудандық полиция бөлімінің мәліметінше, мұндай алаяқтықтың көбі тұрғындардың сақтық танытпауынан және интернеттегі қауіпсіздік ережелерін елемеуінен туындап отыр. Соңғы уақытта өздерін банк қызметкері ретінде таныстырып, тұрғындардың есепшотынан ақша шешіп алу жиілеп кетті. Азаматтарға ешкімге өз деректерін, банк картасының нөмірін, СМС арқылы келген кодты бермеу керектігін ескертіп келеміз. Сондай-ақ белгісіз сілтемелерге өтпеуге, күмәнді қосымшаларды жүктемеуге кеңес береміз. Ауылдық округ әкімдігі мен құқық қорғау органдары тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын үдетіп жатыр. Мектеп оқушыларына, зейнеткерлерге және ауыл жастарына арнайы қауіпсіздік сабақтары өткізіліп, жадынамалар таратылуда.

Интернет алаяқтықтың алдын алу үшін мамандар мынадай кеңестер береді:

– Ешқашан бөтен нөмірден келген сілтемелерге өтпеңіз,

– Банк немесе мемлекеттік қызметкербіз деп хабарласқандарға жеке деректеріңізді айтпаңыз, 

– Әлеуметтік желі арқылы ұсынылған күмәнді сауда немесе қызметтерге сенбеңіз,

Осы айтылғандарды орындамасаңыз  «іс бітті, қу жетті» дегеннің кері келіп, алаяқ ізім-қайым жоғалады. Қандай да бір күмән туса, бірден құқық қорғау органдарына хабарласыңыз. Құрметті ауыл тұрғындары, өзіңізді және жақындарыңызды интернет алаяқтарынан қорғау – сіздің қырағылығыңызға тікелей байланысты. Күмәнді жағдайларға тап болсаңыз, бірден құқық қорғау органдарына жүгініңіз.

Нұрболат Кайрмеденов,

Құрманғазы ауылдық округ әкімдігінің бас маманы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT