Жасөспірімдер неге буллингке ұшырайды?

(0 Votes)

Ең алдымен, кейбіреулердің мұндай оқиғалар тек біздің қоғамда және қазіргі уақытта көбейіп кетті деген пікірінің терістігін айтқымыз келеді. Мысалы, жақында ғана 100 жылдық тойы аталып өткен белгілі балалар жазушысы Бердібек Соқпақбаевтың «Балалық шаққа саяхат» шығармасын еске алыңыз. Көркем туынды болғанымен, бұл жазушының өз өмірінен алынған, керек десеңіз, кейіпкерлерінің аттары да еш өзгертілмей берілген повесть екенін әдебиет зерттеушілері сан рет жазған.

Повесте ХХ ғасырдың 30-жылдарындағы ауыл балаларының өмірісуреттеледі. Оқып отырсаңыз, осы шағын шығармада балалар арасындағы бірін-бірі қудалау, ең ащы сөздермен мазақтау, ізіне түсу, ұрып-соғу сынды оқиғалар көп. Бас кейіпкер Бердібек: «Басқаларды қайдам, ал менің қайда жүрсем аңдысқан бір жауым болады. Қостөбедегі жауым Жанбосын еді. Мұнда келіп, Баймырзаны таптым», — дейді. Отбасындағы жоқшылық, анасынан, яғни басты жанашырынан ерте айырылғаны аздай, сыртта да көп қорлық көргенін осылай жеткізу арқылы жазушы қоғамға үлкен ой тастауды көздесе керек.

Бердібек Соқпақбаев жазған оқиғалардан ширек ғасырдай бұрын, 1910 жылы Венада мектеп оқушылары арасындағы суицид мәселесі талқыланған бірінші конгресс өтті. Жиында белгілі психологтар «мектеп оқушыларды әлімжеттікке қарсы тұруға тәрбиелеуге жауапты» деген пікірді ортаға тастайды. Ал қазіргі мағынасындағы «буллинг» ұғымын норвег психологі, профессор Дан Олвеус енгізген. Ол аталған мәселемен өткен ғасырдың екінші жартысынан бастап айналысқан. Мұның бәрі бұл мәселенің адамзат қоғамын өткен ғасырдың басынан-ақ толғандырып келе жатқанын көрсетеді.

Буллинг жасауға кім бейім келеді, қудалауға кім ұшырайды деген сауалдар төңірегінде мамандар арасында қызу пікірталастар әлі күнге дейін жүріп жатыр. Әрине, отбасы тәрбиесінің ықпалы бірінші орында екені бірауыздан айтылады. Егер отбасында бір-біріне тең қарау, сыйластық, әдептілік ұстанымдары сақталмаса, бұл балаға кері әсер етеді. Ондай отбасынан шыққан балалар не буллинг жасауға бейім болуы немесе өзі буллинг құрбанына айналып, соған көнбіс келуі мүмкін. Сондай-ақ, ерекше ескеретін бір жайт, сыртта өз қатары не ересектеу оқушылар тарапынан қудалауға ұшыраған баланың үйге келіп, жасы кіші бауырларына соны істейтіні де болады.

Кейбір ата-аналар бала жақсы оқыса, өзін жақсы ұстап, үйлесімді киініп жүрсе, буллингке ұшырмайтынына сенеді. Көп жағдайда солай болатыны да рас. Дегенмен, мысалы, өзі сәтсіз отбасынан шыққан сотқардың дұрыс жүріп-тұратын балаларға өш келетіні де болады.Сынып «тізгіні» сондай баланың қолына тисе, үлгілі оқушылар да шетқақпай көреді. Яғни мамандар ешбір баланың буллингтен аман қалатынына кепілдік беруге болмайды деген пікірді ұстанады. Сондықтан баласының буллингке ұшырағанын білген жағдайда, ата-ана ешқашан оны кінәламауы керек. «Өз басыңды қорғай алмайсың ба?», «Дұрыстап жауап бере алатыныңды білсе, саған ешкім тиіспес еді», т.с.с. сөздер жағдайды қиындата түсуі мүмкін.

Зерттеулер бойынша, әлемнің дамыған елдерінің өзінде ұлдардың — 17,5 пайызы; ал қыздардың 16 пайызы буллинг құрбаны болады екен. Сонымен бірге төменгі сынып балаларынан гөрі жасөспірімдер арасында буллинг көбірек дегенді зерттеулер жоққа шығарыпты. Мысалы, Олвеустің зерттеулеріне сай, 2-сыныпта балалардың 17,5 пайызы буллингке ұшыраса, орта сыныптарға қарай бұл бірте-бірте азайып, 9-сыныпта 6,4 пайызға дейін төмендейді екен. Дегенмен жасөспірімдер арасындағы буллингке қоғам ерекше назар аударуға тиіс. Өйткені бұл — өтпелі кезең. Жасөспірімдер әдетте кіді, жүйкесі жұқа келеді, бала кезіндегідей емес, өз «менін», ар-намысын қымбат санап, басқалардың алдындағы беделін ойлайды. Сондықтан буллингті өте ауыр қабылдап, өш алуға немесе өзге де бір, тіпті өзі үшін тым қатерлі жолдармен болсын, мәселені «шешуге» ұмтылуы мүмкін. Бүгінгі күні жасөспірімдер арасындағы буллинг суицид, басқа да қайғылы жағдайлардың бір себебіне айналып отыр.

Қоғамда балалар арасындағы қылмыстың, буллинг сынды келеңсіздіктің таралуы, ең алдымен, ересектердің өз жауапкершілігіне салдыр-салақ қарауының белгісі екенін ешкім жоққа шығара алмайды. Қазіргі күні көпшілік уақытты алдымен — жұмысқа, одан қалды той-жиын мен әлеуметтік желілерге жұмсайды. Ал баланың тәрбиесіне уақыт «жете» бермейді…

Бірақ айналып келгенде баланың қолымен жасалған қылмыс, буллинг үшін заң алдында ата-ана жауап береді. Бұрын буллинг әкімшілік немесе қылмыстық құқықбұзушылықтар қатарында болмағандықтан, көбіне түсіндірме жұмыстарымен шектелуге тура келетін. Биылғы 16 маусымнан бастап «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексіне әйелдердің құқықтарын және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» жаңа заң күшіне енді. Осыған сай аталған кодекстің 127-2-бабында кәмелетке толмаған адамды жәбірлегені (буллинг, кибербуллинг) үшін жауапкершілікке тарту мәселесі қарастырылған. Заңда көрсетілгендей, баланы жәбірлеген жағдайда алдымен ескерту немесе 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. Егер осы әрекет жаза қолданылғаннан кейінгі бір жыл ішінде қайталап жасалатын болса, айыппұл мөлшері 30 айлық есептік көрсеткішке дейін өседі. Заңда жәбір көрсетуші 12-16 жас аралығындағы жасөспірім болса, онда жазаға оның ата-анасын немесе оларды алмастыратын адамды тарту қарастырылған.

Буллингке ұшыраған жағдайда бала өзінің ата-анасына, сынып жетекшісіне немесе мектеп психологіне шағымдануы керек. Сондай-ақ 111 нөмірлі сенім телефоны мен мектеп қабырғасында көрсетулі тұрған полиция қызметкерінің нөміріне де хабарласа алады.

Ал буллингтің алдын алу және ондай жағдайларды барынша азайтудың бірден-бір жолы — қоғамда, әсіресе отбасы мен мектепте өзара сыйластыққа негізделген қарым-қатынасты біржолаорнықтыру, өмір салтына айналдыру. Бұл әзірге қиын секілді сезілгеннің өзінде, ата-ана мен ұстаз, қоғамның әр жанашыр мүшесі осыған атсалысуға тырысқаны абзал. «Көрінген таудың алыстығы жоқ» дегендей, алға қойылған мақсат баршамыздың соған жетуге үлес қосуымыз арқылы ғана жақындай түспек.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT