Жасарып, жаңара бер, Республикам!

Сурет ашық дереккөзден
(0 Votes)

ӘР АДАМҒА ӨЗ ОТАНЫ, ОТБАСЫ ҚЫМБАТ. «ОТАН ҮШІН ОТҚА ТҮС, КҮЙМЕЙСІҢ» ДЕГЕН БАТЫР БАБАМЫЗ БАУЫРЖАННЫҢ ОСЫ БІР СӨЗІНДЕ ҮЛКЕН МӘН ЖАТЫР. МЕНІҢ ОТАНЫМ – ҚАЗАҚСТАН ҚАЙ ЖАҒЫНАН ДА ӨРКЕНДЕП, ӨНІП, ТАМЫР ЖАЙЫП КЕЛЕДІ. КҮННЕН КҮНГЕ ҚҰЛПЫРЫП, КӨРКЕЙЕ ТҮСУІ – ТӘУЕЛСІЗДІГІМІЗДІҢ АРҚАСЫ. АЗАТ КҮНДІ АТА-БАБАЛАРЫМЫЗ АРМАНДАП КЕТСЕ, БІЗ ОНЫҢ МӘУЕЛІ ЖЕМІСІН КӨРІП КЕЛЕМІЗ. МІНЕ, ОТЫЗ ЖЫЛДАН АСТЫ, БІЗ БЕЙБІТ ӨМІРДЕ, АШЫҚ АСПАН АСТЫНДА БАҚЫТТЫ ҒҰМЫР КЕШУДЕМІЗ.

Тәуелсіздік тарихы 1990 жылғы 25 қазанда Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің қаулысымен мемлекеттің егемендігі туралы декларацияның қабылдануымен бастау алады. Бұл жаңа жас республиканың өркендеуіне жол ашқан маңызды құжат болды. Декларацияда Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретіндегі аумағының тұтастығы, қарулы күштері мен қауіпсіздігі, саяси-құқықтық негіздемелері көрініс тапты. Сонымен бірге, мемлекетіміздің тілі, халқымыздың мәдениеті, төл өнері айқындалды. Жыл сайын 25 қазан – Республика күні ретінде атап өтіле бастады. 1993 жылы 18 қазанда оған «ұлттық мереке» статусы берілді. Алайда, айтулы күн 2001 жылы бұл мәртебесінен айырылып, «мемлекеттік мереке» санатына өтті. Тіпті 2003 жылдың сәуір айында мерекелер қатарынан мүлде алынып тасталды. Осылайша,он үш жылдан астам уақыт бойы 25 қазан – Республика күні тойланған жоқ. Кейіннен елімізде көптеген саяси тұрғыдағы өзгерістер орын алып, жаңа Қазақстанды құруға бет түзеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен егемендігіміз жарияланған күнге «ұлттық мереке» мәртебесі қайтарылып берілді. Содан бастап Қазақ елінде бұл мейрам жаңаша сипат алып, ерекше тойлана бастады.

Республика күні халқымыздың рухын көтеріп, біртұтас идеяның астына бірігуіне үлкен ықпалы болды. «Республика» сөзі латын тілінен аударғанда «ортақ іс» деген мағынаны білдіреді. Ендеше, бұл – нағыз бүкілхалықтық мереке. Қазақстандықтар өзінің ұлтына, сеніміне қарамай бірге тойлайды. Қазіргі таңда Қазақстан – көп елдермен терезесі теңесіп, мәртебесі биіктеген беделді мемлекет. Осындай өркениетке қадам басқан қасиетті өлкеде тұру – біздей ұландар үшін үлкен бақыт. Жасарып, жаңара бер, Республикам менің!

Азамат ҒАЗИЗ,

Нұржау жалпы орта мекебінің 10 сынып оқушысы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT