ҚОҒАМДА ҚАЗІРГІ ТАҢДА АДАМНЫҢ ӨЗІНЕ-ӨЗІ ҚОЛ ЖҰМСАУЫ АЗАЙМАЙ ОТЫР. СУИЦИДКЕ БАРУ ЖАС ТАЛҒАМАЙДЫ, ЕРЕСЕК АДАМ ДА, ЖАСӨСПІРІМ ДЕ ТҮРЛІ СЕБЕПТЕРМЕН ӨМІРІМЕН ҚОШТАСУҒА АСЫҒАДЫ. ДҮНИЕЖҮЗІЛІК ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ ҰЙЫМЫНЫҢ ДЕРЕКТЕРІНЕ СҮЙЕНСЕК, ҚАЗАҚСТАН ӨЗ-ӨЗІНЕ ҚОЛ ЖҰМСАУ СТАТИСТИКАСЫ БОЙЫНША ӘЛЕМДЕ ҮШІНШІ ОРЫНДА, АЛ ОРТА АЗИЯ БОЙЫНША КӨШ БАСЫНДА КЕЛЕ ЖАТЫР. МАМАНДАРДЫҢ АЙТУЫНША, ӘЙЕЛ АДАМДАРҒА ҚАРАҒАНДА ЕР АДАМДАР МЕН ЖАСӨСПІРІМ БАЛАЛАР ӨЗ- ӨЗІНЕ ҚОЛ ЖҰМСАЙДЫ ЕКЕН.
Егер адамда қиындықтар көбейіп, ұзақ күйзелістен ағзасындағы ресурс таусылса, адамның өмірмен күресу қабілеті төмендейді. Әйел адамдар көбіне бойындағы күйзелісті жылап, айқайлап шығарып тастауы мүмкін. Ал ер адамдардың көбісі өміріндегі болып жатқан жайды ішіне бұғып, жинақтай береді. Егер оның қасында түсініп, қолдау көрсететін адам болмаса, өзін керексіз сезініп бұл өмірден кетуге байлам жасайды. Мұндай қадамға психикалық ауытқуы барлар да, ұзақ уақыт бойы соматикалық аурулардан зардап шегетіндер де жиі барады. Ал жасөспірімдердің арасындағы суицид көбіне достық қарым-қатынастың үзілуі, ата-анамен жанжалдасу, сынақтардағы сәтсіздіктер, оқу орнындағы буллингтік оқиғалар, өтпелі кезеңдегі жауапсыз махаббат себеп болуы да мүмкін. Бірақ мұндай жағдайға түскендердің барлығы суицидке бара бермейді. Себебі адамның менталды саулығы, психологиялық күйі маңызды болса, оның сыртқы ортадағы әртүрлі қиындықтарға төтеп беруіне көмектеседі. Осы ретте суицидтік көңіл-күйдің алдын алу іс-шараларына бейжай қарамауымыз қажет. Қазақтың табиғатына жат болғанмен, қауіп-қатері елді шарпыған бұл індеттен қалай да құтылудың жолын іздестіруіміз керек. Мұндайда өркениетті елдердің көпшілігінде бар психологиялық көмек көрсететін желінің көмегіне жүгінген дұрыс. Ондай шек тарқату біраз адамға демеу болса, енді бірін өлім аузынан аман қалуына сеп болары анық. Күйбең тірлікте көптеген кереғар нәрселер, өлім мен өмір арасындағы мәселелер болып тұрады. Өзіне қол салғысы келетін адамдар біреумен хабарласып, тығырыққа тірелген, шырғалаңнан шаршаған жан көмек күтеді. Желінің арғы басындағы маманның оның жандүниесіне терең үңіліп, түсіністік танытуы біраз келеңсіздіктің бетін қайтарады. Санасы сан-саққа кеткен шарасыз адамның жүрегіне үміт отын тұтату үшін бір қоңырауға берілген жауап та жетіп қалады. Психологиялық көмек көрсететін желіге шағымданған жандардың да күтетіні осы түсіністік, жанын жаралаған жайттарды сабырмен тыңдау болмақ. Тұтқаны көтерген әккі операторлар қоңырау шалған адамның көңіл- күйіне байланысты дауыс ырғағын өзгертіп, мұқият тыңдауға, ойымен бөлісуге кіріседі. Ондай желілер тәулік бойы үзіліссіз жұмыс жасайды, қиын жағдайларда клиникалық психологтарға қосып, кәсіби маманнан кеңес алуына мүмкіндік береді. Мұндай жәрдемдер көп ретте ақысыз түрде көрсетіледі. Психологиялық көмек көрсету желілерін біздің тұрмысымызға енгізгеннің артықтығы болмайды, өйткені талай шырғалаңға іліккен шарасыз жандарды өз-өзіне қол салудан құтқарар еді.
Жалпы суицид әртүрлі жағдайға байланысты факторлармен белгілі болады. Ең жиі кездесетіні – күйзеліс. Соның ішінде психикалық тұрғыда тұрақсыз, рухани әлсіз, түрлі ауытқулардың әсерінен көрініс табады. Айналасынан сенімді адам таппай, өзі дұрыс шешім қабылдай алмай, өмір сүруге ешқандай жол жоқ деп түңіліп жатады. Бәзбіреулер отбасындағы жақынынан айрылған шақта өз-өзін жоғалтып, өзіне қол салмақ болады. Мұның түбінің бәрі күйзеліске алып барады. Жастар арасында суицидтің болуы ерік-жігердің төмендігінен, өз-өзіне деген сенімділіктің болмауынан, өзін бағаламаудың салдарынан орын алады. Кейде тым эгоизмнің жоғарылауынан да болуы мүмкін. Сондай-ақ, жиі кездесіп жататын лудоманияның әсерінен қарызға батып, тығырықтан шығатын осындай «оңай жол» іздейді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, суицидтің 800- ге жуық себебі бар екен. Олар эмоциялық күйзеліс, отбасындағы шешілмей жатқан түйінді түйткілдер, психикалық бұзылыс, қаржы тапшылығы сияқты болып жалғаса береді. Әрі бұл адамның жас ерекшелігі мен мінезіне де байланысты. Оған өмірінде орын алған оқиғалар да қатты әсер етуі мүмкін.
Бұл келеңсіздіктің алдын алудың бірнеше бағыты бар. Бастапқысы суицидтік мінез- құлықтың пайда болуын болдырмауға бағытталған шаралар деген дұрыс. Екіншісіне дәрігерлер мен психологтардың көмегіне жүгініп, өз-өзіңді стресс кезінде психикалық реттеліп алу жатады. Үшіншісі, ол суицидтік әрекеттердің қайталануын болдырмау, бұл ретте өмірмен қоштасуға бел буғандардың жанындағы жақындарының ондай ойдан арылтуға атсалысуы өте маңызды. Алайда қоғамда психолог маманға тек психикалық ауытқушылығы бар адамдар ғана жүгінеді деген кереғар түсінік қалыптасқан. Осы жаңсақ пікірді санадан шығарып, маман кеңесіне құлақ асу керектігін түсінуіміз қажет. Суицидтің алдын алу үшін бірінші кезекте күнделікті қарым-қатынастағы жақын адамдарымызға жылы шырай танытып, ішкі жан дүниесін түсінуге тырысуға тиіспіз.
Айбек МЕЙІРМАН

