Цифрлық дәуір және отбасы құндылықтары

(0 Votes)

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында отбасы құндылықтарын сақтау мен жас ұрпақтың тәрбиесіне ерекше мән беру қажеттігін атап өтті. Осы бағытта ата-аналар арасында түсіндіру және пікір алмасу шаралары өткізілуде.

С.Көшекбаев атындағы аудандық мәдениет үйінде “Цифрлық дәуір және отбасы құндылықтары” тақырыбында ата-аналар конференциясы өтті. Оны аудандық білім бөлімі басшысының орынбасары Тілекші Медеуғалиева ашып, конференция жұмысына сәттілік тіледі. Бірінші бөлімде – бес кеселдің зардабы, ата-аналардың балаларды қадағалау бағдарламалары және ұлттық құндылықтардың қазіргі отбасы тәрбиесіне әсері туралы өзекті тақырыптар қозғалды. Қазіргі таңда балалар мен жасөспірімдердің онлайн ойындарға, виртуалды кеңістікке тәуелділігі күн сайын артып келеді. Бұл – тек уақыт жоғалту емес, адамның мінез-құлқы мен психикасына әсер ететін күрделі мәселе. Осындай тәуелділіктің себептері мен одан шығудың жолдарын кәсіби тұрғыда өз тәжірибесімен бөлісу үшін  Атырау облыстық психикалық денсаулық орталығының психолог маманы Венера Мүтағалиқызы ортаға шақырылды. Әлеуметтік желілер мен интернеттің дамуы бізге үлкен мүмкіндік берумен қатар, түрлі қауіптерге де жол ашып отыр. Өкінішке қарай, кибералаяқтық әрекеттердің құрбаны болатындар арасында жасөспірімдер аз емес. Ендеше, осы тақырыпта ой бөлісіп, нақты деректер мен сақтану жолдары жөнінде полиция бөлімінің хабарламасы тыңдалды.

Балалардың өмірі – гаджеттер мен интернетке тікелей байланысты. Бірақ сол кеңістікте баланы қауіпті сайттардан, агрессивті ойындардан, бөтен адамдардың ықпалынан қорғау — әрбір ата-ананың басты міндеті. Алайда баланы шектеу емес, саналы пайдалану мәдениетін қалыптастыру – заманауи тәрбиенің өзегі. Осы мәселе төңірегінде Б. Бегалиев атындағы жалпы орта мектебі директорының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Гүлнар Қаражігітова баяндады.

Конференцияның екінші бөлімінде «Ортақ ой – ортақ жауап» атты талқылау алаңы ұйымдастырылды. Модератор Мақсат Қайырбекұлы ортаға спикерлерді шақырды. Ашық форматта өткен талқылауда аудандық білім бөлімі басшысының орынбасары Тілекші Жағыпарқызы, аудандық полиция бөлімінен Эльмира Амангелдіқызы,  аудан әкімінің орынбасары Амангелді Хайдарұлы, отбасын қолдау орталығының бөлім басшысы Зәмзагүл Оңдасынқызына сұрақтар қойылып, спикерлер тарапынан маңызды ұсыныстар да айтылды. Конференция соңында ата-аналар комитетінің құрамы сайланды.

Айнагүл Күнұзаққызы 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

AQPARATPRINT