Тіл саясаты: бәрінен де маңызды

(0 Votes)

Тіл саясаты – жер жүзінде кеңінен етек алған және ғұмыры ғасырлармен есептелетін көне саясат. Ол әлемдегі күллі мемлекеттерде ресми жариялануы да, кейбір реттерде ел-елде бейресми түрде көрініс беруі де мүмкін.

Тіл саясаты деген – қоғамның тілге саналы түрде әсер етуіне байланысты туындаған және үздіксіз даму үстіндегі категория. Тіл саясаты - әлеуметтік топтардың бәріне тән, соның ішінде көбінесе тікелей мемлекетке қатысты ұғым.

Мемлекет халқы мейлі бір ұлттан, мейлі көп ұлттан құралған болсын, бәрібір тіл проблемаларынсыз болмайды. Бір ұлтты мемлекеттегі тіл мәселесі тіл мәдениетін арттыру, әдеби тіл жүйесін жетілдіру  (нормаландыру) бағытында таза лингвистикалық сипат алса, көп этносты мемлекетте қайшылық көбіне-көп тілдер арасындағы өзара қатынастан туындап, саяси лингвистикалық рең  алады.  Сондықтан тіл мәселесі саясатқа тіреледі.

Тіл мен саясат өзара тығыз байланысты категориялар. Тіл – саясаттың әрі нысанасы (обьектісі), әрі құралы. Ал саясат – тіл тағдырын шешетін мемлекеттің өзіндік ұстанған бағыты, шаралар жүйесі. Демек, қандай да бір мемлекеттегі тілдердің қоғамдық қызмет ауқымын саналы түрде арнайы дамытуға болатыны, не болмайтындығы туралы мәселенің басын ашып алу қажет. 

Жалпы әлемдік тәжірибеге назар аударсақ, тіл екі түрлі жолмен дамиды да, құриды да: оның бірі – өзінен-өзі, арнайы ұйымдастырылмаған (стихиялы) түрде дамиды, не қолданыстан шығып құриды; екіншісі – қоғам, мемлекет тарапынан керекті бағытты жоспарлы түрде арнайы дамыту, не құрту. 

Ендеше қоғамдағы не белгілі бір мемлекеттегі тіл мәселелерін шешу мақсатында белгіленген лингвистикалық шаралар мен идеологиялық принциптер жиынтығы тіл саясатын құрайды. 

Сонда тіл саясаты дегеніміз – мемлекет, қоғамдық ұйымдар тарапынан жүзеге асырылатын қоғамдағы тілдік жағдаятты (языковая ситуация) өзгертуге немесе тұрақтандыруға бағытталған саяси, әлеуметтік және лингвистикалық шаралар жүйесі.

Ел-елдегі тілдік ахуалдың әртүрлі болуына байланысты тіл саясаты да алуан түрлі болып келеді. Тіл саясатының өзіндік сипатына қарай әр ұлттың ана тілі тағдыры шешіледі. Демократиялық бағыттағы саясат ұстанған мемлекет әр этностың ана тілінің өмір сүруі мен дамуына жағдай туғызса, кертартпа саясатқа бой ұрған мемлекетте бірді-екілі тілдің дамуына ғана мүмкіндік туғызып, қалғандарын іс жүзінде тежеп, бірыңғай мемлекеттік, әкімшілік тіліне көшіруге тырысады. Осы жолда қолда бар мүмкіншіліктің баршасын іске қосып бағады. Олай болса, тіл саясаты екі түрлі бағытта жүргізіледі деп түюге болады. Бір бағыты – тілді тұншықтыру, екіншісі – тілдердің еркін дамуына жағдай жасау.

Әлеуметтік лингвистикалық зерттеу өз мақсатына орай, кез келген жүзеге асырылып отырған тіл саясатының мәселелерін, оның идеологиялық негізі мен практикалық нәтижелерін бірдей қарастырады. Енді осы зерттеулерге назар аударайық. 

Ұлттық-тілдік саясаттың деңгейлері. Қалыптасқан қызмет түріне қарай ұлттық-тілдік саясаттың өзіндік әрекет ету иерархиясы мен логикасы бар. Оның негізгі деңгейлері мынадай: 
1)тілдік саясатты идеологиялық қамтамасыз етудің тұжырымдамасын жасау; 
2) тілдердің қоғамдағы өзара қарым-қатынасын заңмен бекіту; 
3) тілдердің өзара қарым-қатынасын әкімшілік бақылау және реттеу;
4) тілдік нормаларды кодификациялау;
5) тілдік саясатты қаржы-экономикалық қамтамасыз ету.

Саясат, оның ішінде тіл саясаты туралы айтқанда белгілі бір мақсатты жүзеге асыруға бағытталған саналы әрекетті көреміз. Тілге қатысты адамдардың қандай саналы әрекеті, мақсаты болуы мүмкін? Адамдар тілде нені өзгерткісі келеді? Әдетте қоғамның қажетіне қарай тіл өздігінен өзгермеуші ме еді? Егер тек өздігінен өзгеріп қана қоймай, адам арқылы өзгеруі қалай жүрмек? Адамдар тілге қалай саналы әсер ете алады, ол қаншалықты іске асады?  Тіл саясатын кім жоспарлайды және кім жүргізеді? 

Көптеген елдерде тіл саясатының субьектісі әр алуан мемлекеттік және мемлекеттік емес органдар мен институттар болып табылады. Оларды өмірдің үш саласы байланыстырады: 

1) мектеп; 
2) кітап, кітап бастыру (кейінгі баспасөз радио, кино, теледидар); 
3) қоғамның этникалық қарым-қатынасын реттеу мәселесі.
Адамдардың саналы әрекетін қажет ететін тілдің  негізгі үш түрлі саласы мыналар: 
1) графика және орфография;  
2) терминология;  
3) тілдің нормативті-стилистикалық жүйесі.
Тіл саясатын жүзеге асыратын субьектілер тізімі мынадай:
1.Этносаралық қатынастар істері жөніндегі комитеттер (министрліктер, депортаменттер).
2.Мектеп және арнаулы білім беру мекемелері (министрліктер, депортамаенттер).
3.Масс-медия
4. Ғылыми мекемелер
5.Ана тілі жанашырларының ерікті ұйымдары (қоғамдар мен серіктестіктер т.б.).

Ұлттық-тілдік идеологияның типтері. Ұлттық-тілдік саясат белгілі бір теориялық және идеологиялық негіздемелерге сүйенеді. Мемлекет, қоғамдық кластар мен жіктер, партиялар,   әртүрлі қозғалыстар ұлттық мәселе бойынша белгілі бір тұжырымдамаға,  яғни өз түсініктерінде халық, ұлт, ұлыс дегендер кімдер, халықпен (этноспен) тіл, дін, мәдениет, мемлекет қалай байланысқан; мәдениетте, саясатта, идеологияда этникалық және жалпыадамилық, құндылықтар қалай сипатталады, халақтардың өзара қарым-қатынасындағы байланыстың  мәні не т.б. мәселелер белгілі бір ұлттық-тілдік идеологияның типін анықтайды.  

Гуманитарлық сараптамалық тұрғыдан ұлттық мәселе бойынша әлемдік қауымдастық белгілі бір басымдылықтар, бағыт-бағдарларға негізделген шарттар жасаған. Бұл шарттар БҰҰ құжаттарында анық көрсетілген. Айталық, «Адам құқығының баршаға ортақ декларациясы (1948) мен «Адам құқығы туралы Халықаралық биллге (1966) сәйкес этнос пен мемлекет құқығына қарағанда адам құқығы жоғары тұрады және өзіндік басымдылыққа ие. Этнос құқығы этносты құрайтын адамдар құқығы арқылы жүзеге асады, ал мемлекет этникалық белгілеріне қарамастан барлық азаматтар құқығын қамтамасыз етуі керек. Міне, осы мәселелер тіл саясатында үнемі назарда болады.

Тілдердің қолданылуын заң арқылы реттеу. Тілдердің қоғамда қызмет етуін заң арқылы реттеу, әдетте, көптілділік ахуалында қажет. Өйткені жоғарыда айтып өткеніміздей, Көптілді мемлекетте қайшылық көбіне-көп тілдер арасындағы өзара қатынастан туындап, саяси лингвистикалық рең алады. Сондықтан әрбір тілдің коммуникативтік жүйедегі орны анықталып, ресми мәртебелері мен қолдану аялары нақтылануы қажет.     

Көптеген елдерде тіл туралы заңдар жасалу дәрежесіне қарай әртүрлі болып келеді. Көп жағдайда заңдар тілдің ресми (мемлекеттік) салалардағы қолданылуын реттеп, жеке өмірдегі тілді таңдауға, жұмыстағы бейресми қатынастарға араласпайды.

 Зайырлы мемлекеттерде тіл туралы заңдар діни бірлестіктер мен ұйымдарға тарамайды. Заңдар, әдетте сөз таңдау, сөз формасы, сөзді дыбыстау т.б. мәселелерді қозғамайды, бұл заңдардың немесе билік органдарының міндеті емес, лингвистиканың тіл нормаландыру аймағы, «ішкі» тілдік саясат, тіл мәдениетінің мәселесі.

Көптеген елдердің тіл туралы заңдарында заңдылық тұрғыдан реттелетін обьектілер құрамы бір-біріне сәйкес келе бермейді. Біршама типті обьектілер мыналар: 

1) тілдің ресми (заңдылық) мәртебесі; 
2)тілдің қолданылуы мүмкін немесе міндетті болып табылатын әлеуметтік өмір салалары;
3)білім беру саласындағы социумның тіл қолдану ерекшелігі мен дәрежесі.
      Осыларды қорыта келгенде, бүгінгі қазақ тілінің жағдайына байланысты мыналарды айтуға болады:
     1.Қазақ тілінің қолданыс аясы жан-жақты зерттелуі керек. Бұл – оның бүгінгі кезеңдегі хал-жағдайына әлеуметтік лингвистикалық сипаттама беру деген сөз.
     2.Қазақ тілінің заңдылық мәртебесін нақтылау керек. Бұл - оның мемлекеттік мәртебесін іс жүзіне асыру деген сөз.
     3.Қазақ тілінің жағдайын жақсарту бойынша нақтылы шаралар белгіленуі қажет. Бұл - адамдардың тілді саналы түрде дамыту мүмкіндігін іске қосу деген сөз.

Кайсаев Мурадым Биляшұлы- Құрманғазы ауданының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT