Мемлекет басшысының Жолдауы Қазақстанның саяси және әлеуметтік-экономикалық дамуына арналды. Президент өз сөзінде елдің тұрмысын жақсартуға арналған экономикалық нақты өзгерістер мен жігерлі әрекеттер керек екендігін атап өтті.
Жолдауда аталған барлық тоғыз басымдық осы міндеттерді орындауға бағытталмақ. Сондай-ақ, қоғамдағы заң мен тәртіп идеологиясы ерекше сөз болды. Ол туралы тоғызыншы басымдықта айтылды.
Президент Жолдауында қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын терең орнықтыру қажеттілігін айтып, сонымен қатар әскери құрылымдардағы тәртіпке басты назар аударды.
«Әскер қатарында заң мен тәртіптің сақталуы – айрықша маңызды міндет. Жастар әскерге Отан алдындағы борышын өтеуге барады. Жас сарбаздарымыз өз міндетін алаңсыз орындауы үшін әскер қатарында, ең алдымен, темірдей тәртіп болуға тиіс. Қарулы күштер мен басқа да күштік құрылымдар осы талапты мүлтіксіз орындауы қажет. Әр ата – ана әскерге кеткен баласын мемлекетке сеніп тапсырады. Сондықтан сарбаздардың денсаулығы мен қауіпсіздігіне, ең алдымен, армия басшылығы және құқық қорғау мекемелерінің басшылары жауапты»,- дей келе, әскердегі тәртіп пен заңның сақталуы, әскерде жүрген сарбаздардың денсаулығы мен қауіпсіздігіне назар аударды.
Бұл сан саланы қамтыған, сараланған салмақты стратегиялық жоспар. Бүгінгі Жолдау халықтың көкейінде жүрген өзекті мәселелерді және нақты бағыт – бағдарымызды айқындағаны мәлім. Ол Әділетті Қазақстан құрып, болашағымыздың іргесін нықтауға міндеттейді.
Қайрат Дүйсенбетов,
«Ардагерлер одағы (Тәжік-Ауған шекарасында жауынгерлік қимылдарына және әскери қақтығыстарына қатысушылардың)» республикалық қоғамдық бірлестігінің Құлсары қаласы бойынша филиалы төрағасы