Сыбайлас жемқорлық – кез келген мемлекеттің дамуына кедергі келтіретін, халықтың әл-ауқатына, әділеттілікке және заң үстемдігіне нұқсан келтіретін аса қауіпті әлеуметтік құбылыс. Бұл – жеке бас мүддесін көздейтін, лауазымдық өкілеттілікті теріс пайдалану арқылы пайда табуға бағытталған заңсыз әрекет.
Қазақстанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес – мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөздерінде әділетті Қазақстан құрудың басты шарты ретінде жемқорлықты түбегейлі жою қажеттігін үнемі атап өтеді. Осы мақсатта бірқатар заңдар қабылданып, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі» белсенді жұмыс жүргізуде.
Сыбайлас жемқорлықпен күресте тек құқық қорғау органдары ғана емес, бүкіл қоғам, әсіресе жастар белсенділік танытуы тиіс. Өйткені жастар – ел болашағы. Білім беру мекемелерінде парасаттылықты дәріптеу, адалдықты өмір салтына айналдыру маңызды. Әр азамат өз елінің дамуына үлес қосу үшін алдымен өзі әділ, жауапты, таза болуы қажет.
Жемқорлықпен күрес – тек жазалау емес, оның алдын алу. Ашықтық, есептілік, цифрландыру сияқты тәсілдер арқылы лауазымды тұлғалардың жауапкершілігін арттыруға болады. Мемлекеттік қызметтің ашық әрі әділетті болуы – халық сенімінің негізі.
Құрманғазы ауылдық округінде жемқорлықтың алдын алу және онымен күрес назардан тыс қалған емес. Мемлекеттік қызметшілер арасында бұл жөнінде жиі түсінік жұмыстары жүреді. Келген арыз-шағымдар уақытылы қаралып, тиісті жауабы беріледі. Округ ғимаратында «Сенім жәшігі» бар. Округтегі мемлекеттік қызметшілердің үстінен шағым түскен емес. Алға қарай да арамызда сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу бағытындағы жұмыстар жалғасын таба береді. Себебі онымен күресу – баршамыздың ортақ міндетіміз.
Қорытындылай келе, сыбайлас жемқорлықпен күресу – әрбір азаматтың борышы. Тек біріге әрекет еткенде ғана біз әділ, дамыған және өркениетті Қазақстанды құра аламыз.
Ә.Ғайнеденова,
Құрманғазы ауылдық округ әкімі аппаратының бас маманы