СУИЦИДТІҢ АЛДЫН АЛУ

(0 Votes)

Қазіргі таңда әлемдік деңгейде ғана емес, Қазақстанда да суицид мәселесі аса өзекті мәселе болып отыр. Әсіресе, жасөспірімдер арасында өз-өзіне қол жұмсау немесе оған әрекеттену жағдайлары қоғамды алаңдатпай қоймайды. Бұл жағдай тек жеке адамның трагедиясы емес, тұтас қоғамға әсер ететін әлеуметтік-психологиялық құбылыс.

Әр жасөспірім — болашақтың жарқын үміті, сондықтан олардың қауіпсіздігі мен психологиялық саулығы мемлекеттің басты назарында болуы тиіс. Жасөспірім психологиясы — өте нәзік құрылым. Бұл кезеңде тұлғалық ізденіс, өзін тану, қоғам қабылдауы, өзіндік бағалау және эмоциялық толқулар жиі кездеседі. Олар кейде қиындықтарды уақытша құбылыс ретінде емес, шешім жоқ болғандай қабылдауы мүмкін. Сол себепті эмоциялық қолдау, түсіністік, ашық қарым-қатынас ерекше маңызды. Ауданымызда бірқатар мектептерде түсіндіру семинарлары өткізілді. Атап айтқанда, Б.Бегалиев атындағы орта мектеп пен М.Әуезов атындағы мектепте мамандар оқушылармен, ата-аналармен және педагогтармен ұйымдастырылды. Семинар барысында психологтар мен мамандар суицидтік мінез-құлықтың негізгі себептерін түсіндірді. Ұзаққа созылған стресс пен эмоциялық күйзеліс, отбасындағы түсініспеушілік пен кикілжін, буллинг пен кибербуллинг жағдайлары, жалғыздық сезімі және психологиялық қолдаудың болмауы, өзін төмен бағалау, үмітсіздік, депрессия белгілері мен күйзеліс. Бұл факторлар дер кезінде анықталмай, алдын алу шаралары жасалмаса, жасөспірімді қауіпті әрекетке итермелеуі мүмкін екенін айтты. Сондықтан баланың ішкі жан дүниесіне ата-ана, мектеп, психолог, ұстаз және қоғам бірлесе назар аударуы тиіс. Ауданымызда мектептерде жүргізіліп жатқан алдын алу шаралары 2025–2026 оқу жылында оқушылардың денсаулығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қиындыққа тап болған балаларды қолдау мақсатында арнайы комиссия құрылып, бірқатар кешенді жұмыстар атқарылуда. Комиссия әлеуметтік осал отбасылардың жағдайын зерттеу, балалардың сабаққа қатысуын бақылау, қауіп тудыруы мүмкін мінез және психологиялық белгілерді ерте анықтау, сондай-ақ оқушылармен жеке жұмыс жүргізу сияқты маңызды міндеттерді жүзеге асыруда. Жасөспірімдердің буллингтен зардап шекпеуі және психологиялық саулығын нығайту бағытында түрлі тренингтер, сауалнамалар, практикалық жаттығулар, психодиагностикалық тесттер жүргізілді. Мысалы: «Темперамент» тесті, Олевеустің «Буллингтің алдын алу» сауалнамасы, Спилбергер–Ханин, Занг және Бек шкалалары қолданылған. Психологтар «Сенімділік күш береді», «Болашағым туралы ойым», «Менің құндылықтарым», «Мен жалғыз емеспін» атты мотивациялық және терапиялық жаттығулар өткізіп, оқушылардың өз-өзіне сенімін арттыруға ықпал еткен. Сонымен қатар ата-аналар мен ұстаздарға ақпараттық жаднамалар, эмоционалды төзімділікті қалыптастыру, стресс басқару және баламен тиімді диалог орнату бойынша кеңес берілген.

Қосымша қолдау құралы ретінде мектепте 2-10-66 сенім телефоны жұмыс істейді. Оқушылар аноним түрде психолог немесе әлеуметтік педагогпен байланысып, көмек ала алады. Суицидтің алдын алу жолдары: Ашық қарым-қатынас орнату — «Ешкім тыңдамайды» сезімі ең қауіпті, баланың табысы ғана емес, әрекеті мен ниетін бағалау, әлеуметтік желідегі контентті бақылау, «қауіпті челлендждерден» қорғау, психологиялық мәдениетті қалыптастыру, эмоцияны басқару дағдыларын үйрету, мектеп пен ата-ананың үздіксіз байланысы, баланы салыстыру емес, қолдау — «басқалар сияқты бол» деген сөздер жаралайды. Жасөспірімдер арасындағы суицид — жай ғана медициналық немесе психологиялық мәселе емес, бұл — адам өмірін сақтап қалуға бағытталған бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Әрбір бала — болашақтың иесі. Сондықтан оларды тыңдау, түсіну, қолдау және қорғау – ең маңызды қадам. «Уақытылы айтылған жылу — бір өмірді сақтап қалуы мүмкін»

Ақбота Жалғауова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

AQPARATPRINT