Өмірде түрлі қиындықтар кездеспей тұрмайды. Сыртың бүтін, ішің түтін болып жүретін кездер аз емес. Кейде тығырыққа тірелесің. Шығатын жол көрінбейді. Мысалы, біреуден қарыз алып, қайтаратын ақша таппайсың. Ол болса уақыты келгенде сұрай бастайды. Достарың, жақындарың түрлі сылтаулар айтып көмектен бас тартады. Банктің несиесін төлемей қалып, үстіндегі пайызы өсіп кетіп, сотқа береді. Аяқ астынан қысқартуға ұшырап, нанға ақша таппай қаласың. Бизнесті бірге жасап жүрген әріптесің «лақтырып», яғни, сені қарызға кіргізіп, өзі қашып кетеді. Сүйген қызыңның басқа адамға көңілі ауады. Өзің сенген адам ойлағаныңдай болмай шығады. Ауру дендеп біреудің қолына қарайсың. Жаныңа батып, азап шегесің. Айта берсек, өмірімізді қиындатып, төбемізге қара бұлт үйіретін мұндай себептер жеткілікті.
Осындайда адамның басына қандай ойлар келмейді дейсіз?! Бірақ, аспанды торлаған бұлт сейіліп, күн шығатынын білесіз. Сол сияқты қандай қиындықтан да ерте ме, кеш пе арыламыз. Әрбір атқан таңға аман кіргеніңнің, жер басып жүргеніңнің өзі неге тұрады?! Соған шүкіршілік ете білсең, қандай қиындықты да жеңесің. Ракпен ауырған адамдарда өмірге деген құштарлығымен дертінен айығып жатады. «Күніне мың бір пәле көрсең-дағы, Сонда да күдер үзбе бір Алладан» деп бекер айтылмаған. Ақымақтық жасап өміріңді қисаң, қайтып орала алмайсың. Мына дүниеде несібеңді жойсаң, ахиретте тозаққа барасың. Сондықтан, анау жаққа асығудың қажеті жоқ. Ешбір адам мәңгілік өмір сүрмейді, уақытымыз келгенде кетеміз.
Өмірден мысал келтірейік. Бір таныс азаматтың былай дегені бар: «Кейде тағдыр адамға сынақты үсті-үстіне береді ғой. Басымнан сондай жағдай өтті. Жазамын десеңдер өздерің қараңдар. Қарсы емеспін. Ішіп келіп едім, әйеліміз екеуіміз ұрсысып қалдық та, ұлымызды алып төркініне тайып тұрды. Артынан іздеп барған едім, енем үйіне кіргізбеді. Содан ашуланып, арақ ішіп, екі күн жұмысқа барған жоқпын. Бастық мені босатып, орныма туысын ала қойды. Одан ішкен күйде көлігімді соқаға соқтым. Несиеге алған нәрсе еді. Енді оның несиесін де төлейтін ақша жоқ. Арқа сүйер әке де, ана да өмірден өткен. Бауырларымның өз отбасы бар. Кімнің кім екені осындайда көрінеді. Қасымда бірге жүргендердің бәрі теріс айналды. Қарызға ақша сұрасам бермеуге әйтеуір бір сылтау табады. Жұмысы жоқ адамға қарызды кім берсін? Қайда барсам да мамандығыма сай орын жоқ дегенді естимін. Күйініп ішкілікке салына бастадым. Бірақ, сенде ақша болмаса қасыңдағы «порылдақтар» да бөлектенеді екен. Дүкенші бір-екі рет қарызға арақ берер, үшіншіде қуып шығады. Ішкенде бауырларымның үйіне барып қонамын. Келіндерім жақтыра қоймағанымен, үндемей қарсылайды. Есесіне ертеңіне бауырым екеуі қосылып алып атамнан артық ақыл айтады. Бейнебір дәл осындай өмірді мен өзім қалап, таңдаған сияқтымын.
Несие төленбеген соң банк сотқа берейін деп жатты. Басымдағы әкемнен қалған баспанадан айырылу қаупі төнді. Ақыры үйді алып далада қалдым. Шыны керек, өмір сүргім келмей кетті. «Менен де жақсылар өмірден өтіп жатыр емес пе? Олардан қай жерім артық? «Тепсе темір үзетін жігіттің қор болып жүрісін қарашы», деген сөзді ести бергенше, көзге түрткі болғанша, бүйтіп өмір сүргенше асылып өлейін де қалайын. Түбі барар жерім ғой», деп ойладым. Қолыма арқанды алып асылғанда ол үзіліп кетіп, оңбай құладым. Қарасам арқан шіри бастаған екен. Содан кейін: «Өзін-өзі өлтіру үлкен күнә», дегенді бір жерден оқығаным есіме түсті. Өмірімде алғаш рет Алланы ауызға алып: «Жаратушым, сен мені аман алып қалдың ғой. Енді осы тығырықтан шығуыма көмектес!», деп жалбарындым. Сөйттім де ойға кеттім. Жас емеспін бе, неге жүнжимін? Арба айдасам да өлмеспін. Менің өмірім, күнкөрісім өзімнен басқа кімге керек? Кімнен ұяламын?Ертеңіне құрылыс дүкеніне барып жігіттермен бірге вагондап келетін жүкті түсіруді бастадым. Кезінде лауазымды қызметте істедім деп арланбадым. Ауыр жұмыс болғанымен ақшаны қолма-қол береді. Әрі күзетшілікті қатар атқардым. Баратын үйім жоқ, сондағы вагонда жатамын. Бірде аш, бірде тоқ жүремін. Әйтеуір арақ ішпеймін. Басшы не тапсырсада да ерінбей-жалықпай орындадым. Ауласындағы шөбін шабып, құдығын да қаздым. Бір күні үлкен басшымыз келді. Бұл азаматты бұған дейін бір жерден көргенмін. Есіме түспеді. Шыны керек жұмыстан шыққаннан кейін басшы дегендерден көңілім қалып, жуымайтынмын. Талайының алдына барғанда бір көмегі тиген жоқ. Ол қасыма келіп жөн сұрады. Лауызымды қызметте жүргенде бір қағаздарын толтырып беруге көмектескенімді еске салды. Ұмытпаған екен. Басымнан өткеннің бәрін айттым. Мұқият тыңдаған ол жалақымды жоғарылатып, бригадир етіп тағайындайтынын жеткізді. Келіспеп едім, сенім артатынын айтып көндірді. Үйімді қайтарып алуыма көмектесті. Банкке берешектерімді бөліп-бөліп төлей бастадым. Бір кезде жасаған кішкентай ғана жақсылығым алдымнан таудай болып шықты. Жұбайыммен татуласып, қайта қосылдым. Жағдайымыз түзелді. Кәсіпкерлікпен айналыстым. Бүгінде менде бәрі бар. Мұны айтып отырған себебім, қазір, сәл ғана қиындыққа шыдай алмай өзіне-өзі қол жұмсайтындар көбейді. Егер мен сол жерде өзіме-өзім қол жұмсағанда қазіргі жағдайымның біреуіне де жетпес едім. Жақында бір бозбала асылып қалыпты. Сөйтсе, сүйген қызы оған қарамапты. Құдай-ау, солай етуге бола ма? Қарамаса, сенің маңдайыңа жазылған басқа жан шығар. Оның өмірі қиылды, қыздың несі кетті? Жастарға айтарым барлық қиындықтан шығудың жолы бар, суицидке бармаңдар! Өмір тек бір рет беріледі. Қиындықтар мәңгілік емес. Алла адамды олармен жалғыз тастамайды. Сынағынан өтсең, көмектеседі»
ДСҰ-ның мәліметінше суицид бүгінде әлемнің бас ауруына айналған. Әрбір 40 секунд сайын бір адам өзіне-өзі қол жұмсайды. Ғалымдар мұны әлемдік індетке де теңейді. Себебі суицид жастар арасында жол апатынан кейін екінші орында тұр. Бұл тек жүзеге асқан әрекеттер бойынша. Қаншасы тіркелмей жатқаны бізге беймәлім. Өз-өзіне қол жұмсаудан жан басына шаққанда 100 мың адамға 87,5 көрсеткішімен африкалық Лесота алда келеді. Одан кейінгі орындарда Эсватини (40,5) және Гайана (40,9) орналасқан. Дамыған елдерден Еуропада Бельгия (15,92) көш басында. Финляндия (14,4) екінші, Австрия (13,2) үшінші орында. Ресейде 100 мың адамға шаққанда 21,6, АҚШ-та 14,5, Қытайда 6,7 адам. Қазір әлемнің ғалымдары суицидті азайтуға күш салуда. Осы бағыттағы түсінік жұмыстары Қазақстанда да жалғасын табуда. Адам өмірі бәрінен қымбат екенін ескерсек, біздің жастарымыз мұндай қадамнан сақ болғаны жөн. Өзін-өзі өлтіруге дініміз де тыйым салады. Суицид – қиындықтан шығар жол емес. «Өлімнен басқа қиындықтың бәрінен шығуға болады», демей ме? Бәрі адамның өзінің ерік-жігеріне байланысты.
Қанат ҒҰМАРОВ

