Сүт зауыты қажет-ақ

(0 Votes)

Президентіміздің  жыл сайынғы  Жолдауын асыға күтеміз. Себебі, онда айтылған  тапсырмалардың елдің қоғамдық өмірі, мемлекетіміздің дамуы үшін орны айтарлықтай зор. Мемлекет басшысы бүгінгі  Жолдауында  ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтеру қажеттігін атап көрсетіп: «Бұл салаға тың серпін беру үшін мемлекет соңғы жылдары реформалар  жүргізуде. Қомақты қаражат бөлініп жатыр, биыл шаруаларды қолдауға бір триллион теңге жұмсалды. Қажетті несиелер уақытында берілді. Мұндай ауқымды қолдау елімізде бұрын-соңды болмаған» деді . 

Ауданымыздың экономикасы негізінен ауыл шаруашылығына негізделген. Төрт түлікті өсіруге бізде жағдай бар. Мемлекет басшысы айтқан  қолдауды ауданымыздың күнделікті өмірінен де байқап  жүрміз.  Бір мысал келтіре кетейік. Аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің мәліметіне сүйенсек,  осы жылдың 6 айының өзінде «Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялау қағидаларына» сәйкес, 75 шаруа қожалығына  85 млн. 890 мың теңге субсидия төленген. Тарқатып айтсақ, сатып алынған 62 бас асыл тұқымды бұқаға – 9 млн.300 мың, асыл тұқымды 49 бас қошқарға – 7 млн.350 мың, тұқымдық түрлендіруге қатысып жатқан 1518 бас асыл тұқымды аналық мүйізді ірі қараға – 22 млн.650 мың, тұқымдық түрлендіруге қатысып жатырған 4659 бас тауарлы аналық мүйізді ірі қараға  – 46 млн.590 мың теңге төленіп отыр. Бұл әрине, шаруа қожалықтарына мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған үлкен қолдау. 

Жолдауда ауыл шаруашылығын жоғары деңгейге көтеру қажеттігі айтылды. Бұл елді асырап отырған сала. «Арқада қыс жылы болса, арқар ауып несі бар», дегендей, ауылдың жағдайы жақсарса, жастар қалаға шұбырмайды. Туған жерлерінде қала береді. «Соңғы үш жылдың өзінде елорда тұрғындарының саны 250 мыңнан астам адамға, соның ішінде былтыр 100 мың тұрғынға көбейді. Биылғы өсім онсыз да жоғары саналатын осы көрсеткіштен асып түсуі мүмкін. Жұрттың өңірлерден ел астанасына не себепті тоқтаусыз көшіп жатқанына мұқият талдау жүргізіп, әлеуметтік және экономикалық тұрғыдан тартымды басқа да орталықтар құруға арналған кешенді шаралар қабылдау керек», дейді Жолдауда Мемлекет басшысы. Айтуы орынды, мониторинг жүргізу қажет. Астана халқын көбейтіп жатқан ауыл тұрғындары болуы тиіс. Бүгінде қай ауылда да жастардың басым бөлігі басқа жақтарда, қалаларда жүр. Себебі, олар тұратын елді мекенде өндіріс орындары  жоқ. Бәрі бірдей кәсіпкер немесе шаруа қожалығын құрып кете алмайды. Ауданымыздағы  Азғыр  бойындағы үш округте халық саны азайып, шекарамыз жалаңаштанып  барады. Ондаған үйлер бос тұр. Бұл жақтан жастарды жұмыспен қамтитын  өндіріс орнын таппайсыз. Осы ауылдарда инфрақұрылымды жақсартып, кәсіпорындар ашса халық шекара бойына тұрақтар еді. 

Президентіміздің: «Әр аймақта дайын өнімді өндірістен дүкен сөресіне дейін жеткізетін әрбір өңірдің ерекшелігіне қарай біртұтас желі қалыптасуы керек. Біздің кәсіпкерлеріміздің қажетті мөлшерде мемлекеттік қолдауға ие болмай отырғаны анықталды. Сол себепті олар тиімсіз жағдайларға тап болып, ішкі нарықтың өзінде бәсекелестеріне есе жіберіп жатыр. Бұл жерде сүт өндірушілер туралы сөз болып отыр», деп айтқанына қосыламын. Жаңа айтылған қыр бойында да, басқа ауылдарда да мал басы баршылық. Алайда, сүт өндіріп, нарыққа шығарып отырғандары шамалы. Қазір дүкендердің бәрінде басқа жақтан келген сүт өнімдерін көресіз. Шаруа қожалықтары сүт өнімдерін өндіруге ықыласты болуы үшін аудан көлемінде оны қабылдайтын  заманауи талаптарға сай бір сүт зауытын ашып, сапасына мән беріп  қаймақ, айран, сары май, сүзбе, қымыз, шұбат және басқаларын шығартып, барлық сауда нүктелері арқылы саттыруды жолға қою қажет сияқты. Дүкендер алады, себебі олардың сөрлерінде  еліміздің өзге өңірлерінен келген қымыз, шұбат, айран, тағы басқалары тұр. Сұраныс болмаса әкелмес еді. Ірі сүт зауытын ашу мүмкін болмаса, шаруа қожалықтары кооперативке бірігіп, бір шағын сүт зауытын ашса, оған мемлекет тарапынан қолдау болса дейміз. Сонда өнімдерін өңдеп, нарыққа ұсынатын  орын табылады. Кеңес Одағы кезінде ауданымызда сүт зауыты болғанын білеміз. Бала кезімізде сол зауыттың  шығарған балмұздағы ең жақсы көретін асымыз болған. Сүт, шұбат, қымыз, сүзбе аудан орталығындағы асханаларға, дүкендер мен кулинарияға тапсырылып жүрді. Жолдауда атап көрсетілген өзге өңірлердегі озық агрокешендердің тәжірибесімен танысып, зерттеп, аудан көлемінде қолданса бұл жұмыс ілгері басады.

Әрине, Жолдауда айтылғандай  жасалған  жұмыстар  агроөнеркәсіптің орасан зор әлеуетін толық ашуға  әлі де жеткіліксіз. Бөлінген қаржыны тиімді, оңтайлы, желге ұшпай әр тиыны  кіріс кіргізетіндей етіп пайдалану күн тәртібінен түспеуі тиіс. «Озық агроэкономикаға көшу үшін Үкіметтің нақты жоспары болуы керек,»  – деді Президентіміз  бұл тапсырма құзырлы министрліктің және қоғамдық ұйымдардың міндеті екенін еске салып, әрі аталған қадам инновация мен ғылыми жаңалықтарды ауыл шаруашылығында кеңінен қолдануға мүмкіндік беретінін жеткізіп. Біз Жолдауда  алға қойылған  міндеттерді жұмыла  жүзеге асыруға тиіспіз. Жерлестерімді еліміздің өркендеуі  жолындағы ортақ іске белсене атсалысуға  шақырамын.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT