ПРЕЗИДЕНТІМІЗ ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ БИЫЛҒЫ ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫНА ЖОЛДАУЫНДА:«ЗАҢ ЖӘНЕ ТӘРТІП» – МЕМЛЕКЕТІМІЗДІҢ МЫЗҒЫМАС ТҰҒЫРЫ. ҚОҒАМДА ОСЫ ҚАҒИДАНЫ ТҮБЕГЕЙЛІ ОРНЫҚТЫРУ ҮШІН БАРЛЫҚ ҚҰЗЫРЛЫ ОРГАНДАР АРАСЫНДА ОРТАҚ КӨЗҚАРАС ПЕН ОРТАҚ ҰСТАНЫМ БОЛУҒА ТИІС. БҰЛ – ЕҢ АЛДЫМЕН, ЕШҚАНДАЙ ҚҰҚЫҚ БҰЗУШЫЛЫҚҚА ЖОЛ БЕРМЕУ ҚАҒИДАСЫ, ЯҒНИ КЕЗ КЕЛГЕН ЗАҢСЫЗДЫҚҚА ҚАРСЫ ТҰРУ ДЕГЕН ҰСТАНЫМ» ДЕДІ. МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ ЕСІРТКІМЕН КҮРЕС ҰЛТТЫҢ ГЕНОФОНДЫН САҚТАУ ЕКЕНІН АЙТЫП, ЗАҢНАМАЛЫҚ ШАРАЛАРДЫ ҚАБЫЛДАҒАНМЕН НАҚТЫ НӘТИЖЕЛЕР КӨРІНБЕЙ ОТЫРҒАНЫН ЖЕТКІЗІП, НАШАҚОРЛЫҚПЕН КҮРЕСТІ КҮШЕЙТУДІ ТАПСЫРДЫ.
Бүгінде жасөспірімдер арасында есірткі қылмыстары азаймай тұр. Біз олардың жарқын болашағына өз қолымен балта шабуына жол бермеуге тиіспіз. Баланың аты бала, ол әлі ақыл тоқтата қойған жоқ. Не істеп жүргенін, қандай қылмысқа барғанын, тіпті ертеңін тас-талқан етіп жатқанын сезбей нашақорға айналса, қайта үйірге қосылуы қиын. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше 2025 жылдың алты айында есірткімен 38 жасөспірім ұсталған. Бұл тіркелген ресми деректер. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 40%-ға өскен. Ең көп құқық бұзушылықтар Астана және Алматы қалаларында тіркелген. Белсенді профилактикалық жұмыстарға, есірткіге қарсы үгіт-насихатқа және қылмыстық жауапкершіліктің қатаң шараларына қарамастан, есірткі жасөспірімдер ортасына енуді жалғастыруда. Көбінесе ата-аналар күйбең тірлікпен жүріп баласына қазірдің өзінде қауіп төніп тұрғанын байқамайды.
Есірткіге құмар жасөспірімдер неге көбейіп отыр? Мамандардың айтуынша, бұған бірнеше себеп бар және олардың барлығы бір-бірімен байланысты. Оларды шартты түрде үш топқа бөлуге болады: отбасылық,әлеуметтік және жеке. Отбасылық себепке ата-аналар арасындағы қақтығыстар, ажырасу, материалдық қиындықтар, сондай- ақ жақын туыстарына тәуелділік, баланы қараусыз қалдыру. Мұның бәрі жасөспірімнің есірткі деген тажалдың алдында осалдығын арттырады. Бұған қоршаған ортаның әсерін қосайық: құрдастарынан бас тартпауға, «бәрі сияқты болуға», компанияға сәйкес келуге деген ұмтылыс, олардан ажырасам шеттеп қаламын деп қорқу. Жасөспірімдер психикасында өзін-өзі бақылаудың жетілген механизмдері әлі жоқ, сондықтан эмоционалды қозу мен жаңа тәжірибеге деген шөлдеу жиі басым түседі. Жеке факторлар да рөл атқарады. Өзін-өзі бағалаудың төмендігі, зеріктіру, жақсы нәрселерге қызығушылықтың болмауы, бас тарта алмау, сондай-ақ құмар ойындар немесе интернетке және басқа тәуелділіктерге бейімділік. Баланың есірткі қолданатынын анықтау өте қиынға соғуы да мүмкін. Әсіресе, егер бұл бір реттік эпизодтар немесе бастапқы кезеңдер болса. Дегенмен, күдік тудыруы мүмкін бірқатар белгілер бар. Алдымен баланың әлеуметтік шеңберіне қызығушылық танытып, оның әлеуметтік желілердегі белсенділігін бақылаңыз. Мінез-құлық пен қаржылық жағдайдың кенеттен өзгеруіне назар аударыңыз. Жеке заттары арасында күдікті нәрселердің бар- жоғын тексеріңіз. Интернетте, әсіресе мессенджерлерде анонимділік жоқ екенін айтыңыз. Жасөспірімдердің нашақорлығына күдік тудыратын ескерту белгілері – ауа райына қарамастан, әрдайым кенеттен пайда болатын әдет, ұзын жеңді киім кию, сыртқы түрінің нашарлауы, сылбырлық, қолдың ісінуі, шаштың құрғауы, терінің бозғылт немесе сұр түсі. Алкогольдің иісі болмаған кезде дене қимылының және сөйлеудің бұзылуы, ата- аналармен кез келген байланысты азайту, оқу үлгерімінің төмендеуі, гигиенаны сақтамауы, ұйқы мен тәбеттің бұзылуы, агрессия, ашуланшақтық, ақшаның және заттардың жоғалуы жасөспірімдегі есірткіге тәуелділікті көрсетуі мүмкін. Есірткі туралы әңгімеге ақылмен және алдын ала дайындалу керек. 10-12 жастан бастаған жөн. Дәл осы кезеңде балалар темекі, алкоголь және кейде одан да ауыр заттар сияқты алғашқы азғыруларға тап болады. Бала өскен сайын үлкендердей болғысы келеді, кино кейіпкерлеріне еліктейді. Өз ортасында ерекшеленіп тұрғанды қалайды. Соны мақтан тұтады. Бүгін мектепте тығылып темекі тартқан бала ертең арақ пен есірткіні де қолданып көрмесіне кім кепіл?! Мұндай жаста олар айтқанды тыңдай бермейді. «Мораль оқымай, баламен ашық және шынайы сөйлесу маңызды. Нашақорлықтың ауыр әрі емделе бермейтін ауру екенін түсіндіріңіз, оны тек бір жолмен болдырмауға болатынын – ол үшін есірткі қолданып көруге мүлдем тырыспау керектігін жеткізіңіз» деп кеңес береді наркологтар. Егер бала алдын ала оның қандай зияны барын жақсы ұқса есірткіге жоламайды. Құрдастарына «мені қызықтырмайды» немесе «маған мүлдем болмайды, денсаулығымда кінәрат бар» деп айтқаны тиімді екенін түсіндіре біліңіз. Басты мақсат — жасөспірімге қорықпай есірткіге тартушыларға «жоқ» деп сенімді түрде айта алатындай ішкі қолдау көрсету.
Ата-аналарда жасөспірім есірткі қолданып жүр деген күдік туса, онымен күресті кешіктіруге болмайды. Нарколог дәрігерден кеңес алуға ұялмаңыз. Бұл денсаулықты ғана емес, баланың тағдырын да сақтай алады. Ұрпағыңыздың болашағы өз қолыңызда. Есірткі шеңгелінен алып шыққаныңыз үшін ертең ержеткенде сізге алғыс айтады. Алғашқы кезеңдерде әлі де көп нәрсені өзгертуге болады. Ең бастысы – жағдайды ауырлатпау және кеш қалғанша күтпеу керек» дейді мамандар. Әулетіңізді сақтағыңыз келсе ұрпағыңызды есірткі шеңгеліне түсірмеңіз.
Қанат ҒҰМАРОВ

