Республика құрдасы

(0 Votes)

1990 жылы 25 қазанда "Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы" декларация қабылданды. Сонау өткен ғасырдағы қазақ тарихынан ойып тұрып орын алған айтулы күн, міне, осы Республика күні ретінде есте қалды.

Осы тұста халық тыныштығы мен ынтымағын, елдің ауызбіршілігін басты назарда ұстап, халқымыздың қауіпсіз мемлекетте өмір сүруіне бар күш-жігерін, ақыл-парасатын жұмсаған сол кездегі Президент Нұрсұлтан Назарбаев пен қазіргі Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған елазаматтарының атқарған игі ісі мол. Ата-бабамыздың найзаның ұшымен, білектіңкүшімен қол жеткізген тәуелсіздіктің арқасында бүгінгі өскелең ұрпақ бірлікке ұйыған елде бейбіт де берекелі ғұмыр кешуде. Еліміздің сан ғасырлар бойы аңсаған егемендігінің бүгінгі көрінісі, міне, осындай!

Еліміз үшін мәртебесі маңызды осындай оқиға орын алып жатқанда дүние есігін енді ашып, шыр етіп дүниеге келген азаматтардың да қатары аз болмады. Иә, айтулы мерекемен тұспа-тұс, яғни 1990 жылдың 25 қазанында дүниеге келген жандардың арасында өзіміздің аудан тұрғыны Жангүл Қайдолқызы да бар еді. Ол дәл Республика күні Шоқпартоғай ауылында дүниеге келді.

Сол ауылдың №3 мектебінде сауатын ашып, он бір жыл білім нәрімен сусындап,кейін Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде 2008-2012 жылдар аралығында оқуын жалғастырды.«Құқықтану» мамандығы бойынша тәмамдап, білім алып шықты. Бүгінде Қара Арна ауылдық округі әкімі аппаратының мемлекеттік мекемесінде заңгер маман болып қызмет атқарады.

11 жылдық тұрмыстық өмірде Ерлан Серікұлымен 4 ұл тәрбиелеп, аяулы ана, сүйікті жар атанған Жангүл Оңдыбаева өз сөзінде:

-Айтулы мерекеде дүниеге келу мен үшін үлкен мақтаныш. Жыл сайын туған күнім жақындаса еліміз үшін маңызды мерекенің республика көлемінде кеңінен тойланатынын есіме аламын. Сол күні мені қос мерекемен, яғни өзімнің төл мейрамыммен және Республика күнімен де құттықтайтындар көп. Биыл міне 34-ке келдім. Отбасымда 2 қызбыз. Бір апам бар. Осы уақытқа дейінгі жетістігім – көпбалалы ана атануым. Қазіргі қызметім өзіме ұнайды. Жолдасым «Мако» ЖШС-да жол шебері қызметінде жұмыс жасайды. Республика күнімен барша қазақстандықты шын жүректен құттықтаймын. Шындығында, біз қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманда бейбіт те тыныш ғұмыр кешіп жатырмыз ғой. Ата-бабамыздың ғасырлар бойы аңсап кеткен тәуелсіз елінде жер басып жүргенімізді қадірлеуіміз қажет деп ойлаймын. Ұлдарыма да халқымыздың тарихын жиі айтып отыруға тырысамыз, -дейді ол.

Иә, сағынтып жеткен Республика күні – еліміз үшін баға жетпес мереке. Сол себепті бұл күннің мән-маңызын жас ұрпаққа көбірек дәріптеп, ұлттық рухты асқақтатып, айбынымызды асыратын іс-шараларды қашан да дәріптеуіміз қажет. Осынау күні дүниеге келген барша жерлестеріміз бен аудантұрғындарын мерекемен шын жүректен біз де құттықтай отырып, ашық аспан, жанұяларына ынтымақ-береке, қызметтеріне толағай табыстар тілейміз.

Диана ІЗБАСАРҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT