Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында: «Соның ішінде фармацевтика өнеркәсібін дамытуға баса мән берген жөн. Өзімізде жасалатын дәрі-дәрмектің түрі мен санын көбейту – стратегиялық міндет. Бұған, әсіресе, пандемия кезінде әбден көзіміз жетті», деп атап көрсетті.
Жеке дәрі-дәрмек пен медициналық өнімдерді өндіруді дамытудың маңыздылығы коронавирустық инфекция індеті кезінде, бүкіл әлемде дәрі өздерінен ауыспай жатқан және шекаралар жабылған кезде айқын болды. Еліміз кейбір дәрілердің тапшылығын бастан кешті. Аудан орталығындағы дәріханаларға рейдке шығып жүргенде бірер күн парацетомолды адам басына екеуден артық бермегенін көрдік. Жалпы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтері бойынша, дәрілік қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін елдегі отандық өндірістегі дәрі-дәрмектердің үлесі 30% -ды құрауы тиіс.
Деректерге сүйенсек Қазақстанның фармацевтика өнеркәсібінде дәрілік заттарды 33 кәсіпорын өндіреді екен. Оның ішінде 17 өндіруші өнімнің тиімділігін, қауіпсіздігін және сапасын растайтын жақсы өндірістік тәжірибе стандартына (GMP) сәйкес келеді. Өндіріс көлемі бойынша үш өңір көш бастап тұр: Шымкент (25,9 млрд теңге), Алматы облысы (20,6 млрд теңге) және Алматы (17,5 млрд теңге). Алайда, ішкі нарықтың жалпы үлесінің 86,2% -ын импорттық препараттар мен медициналық бұйымдар құрайды. Бұл аз емес. Әрине, фармацевтика саласында біздің ғалымдарымызда қарап отырған жоқ. Ізденіс үстінде. Бір мысал келтірейік, мысалы, онкологиялық аурулардың ағымын тоқтата тұруға (ал кейбір жағдайларда - толық емдеуге) мүмкіндік беретін қазақстандық бірегей препарат 2025 жылдың соңына қарай тіркелетін болады. 2025 жылдың наурыз айында ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек: «Өткен жылы біз жануарларға бірінші деңгейдегі клиникалық сынақтарды аяқтадық. Енді біз жұмыс істейтін науқастардың саны кеңейді. Өткен жылы тек тоқ ішек қатерлі ісігін тексердік. Жаңа дәрі қазір қатерлі ісіктің барлық түрлеріне тексерілу үстінде», - деген болатын. Бұл дәрі глюкозаға ұқсағандықтан адам ағзасына енгеннен кейін рак жасушалары қанмен бірге сіңіріп алады екен. Содан кейін дәрі оларға әсер етіп, өлтіре бастайды. Нәтижесі жаман емес, енді рактің төртінші дәрежесіне қолданылып көрмекші.
2025 жылғы 28 мамырда Алматыда Қазақстан үшін маңызды оқиға болып, «Астра Зенека» халықаралық биофармацевтикалық компаниясының «Нобель Алматы фармацевтикалық фабрикасы» АҚ өндірістік алаңында бүйректің созылмалы ауруын, созылмалы жүрек жеткіліксіздігін және екінші типті қант диабетін емдеуге арналған бірегей препараттың жергілікті өндірісін іске қосатынын жариялады. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, екі миллионға жуық қазақстандық созылмалы бүйрек ауруынан зардап шегеді. Егер уақтылы диагноз қойылмаса және емделмесе, ауру дамып, бүйрек функциясының толық жоғалуына әкелуі мүмкін, бұл өз кезегінде диализді немесе тіпті бүйрек трансплантациясын қажет етеді. ҚР ДСМ-нің мәліметінше бүгінде елімізде 15 мыңнан астам пациент бүйрек алмастыру терапиясынан өтіп жатса, олардың көпшілігі еңбекке қабілетті жастар.
Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында отандық фармацевтиканы дамытуды стратегиялық міндет етіп алға қойып отыр. Бұл еліміз үшін тиімді. Ауырмайтын адам жоқ. Қазір дәрінің бағасы қымбат. «Кісідегінің кілті аспанда», дегендей, өте қажеттілерін өзімізде өндірсек, одан ұтылмасымыз анық. Өзімізде жасалған дәрілер шетелдік баламасына қарағанда арзанға түседі деп ойлаймыз. Тегін берілетіндеріне де ақша бюджеттен төленеді ғой.
Қанат ҒҰМАРОВ

