Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауы – уақыттың талабынан туған стратегиялық құжат.
Әсіресе денсаулық сақтау саласының өкілі ретінде мен Президенттің цифрлық трансформацияға басымдық беруін ерекше қуанышпен қабылдадым. Өйткені бүгінгі күні сапалы медицина – озық технологиямен, жаңа мүмкіндіктермен және жасанды интеллектпен тікелей байланысты. Жолдауда айтылған цифрлық теңсіздікті жою міндеті – қоғам үшін ғана емес, әрбір дәрігер үшін де аса маңызды. Біз науқастың жай-күйін жылдам анықтау, дерттің алдын алу және емдеудің тиімді жолдарын табу үшін заманауи цифрлық шешімдерге мұқтажбыз. Мысалы, жасанды интеллект медициналық деректерді талдап, диагностика сапасын арттыруға, уақыт үнемдеуге және адами фактордан туындайтын қателіктерді азайтуға көмектеседі. Бұл – медицинадағы жаңа дәуірдің бастамасы.
Президентіміздің «білім мен ғылымды технологиялық серпіліспен ұштастыру» жөніндегі тұжырымы да біз үшін бағдаршам іспетті. Жаңа буын дәрігерлері цифрлық сауатты, деректерді талдай білетін, технологияны игерген маман болуы шарт. Осы орайда жасанды интеллекттің мүмкіндіктерін игеру – тек ІТ мамандардың емес дәрігерлердің де күнделікті қажеттілігіне айналмақ.
Айнагүл Шакупова