Ауырмайтын адам жоқ. Дерт жыл мезгілін, жасты, материалдық жағдайыңыз қалай деп таңдамайды. Қазақ «Ауру батпандап кіріп, мысқылдап шығады», деп текке айтпаған ғой. Жаныңызға батса дәрігердің көмегіне жүгінесіз.
Ерте ме, кеш пе алдына барасыз. Дәрігерлер ауруыңызға байланысты ауруханаға жатқызар алдында сіздің Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесінде бар-жоғыңызды тексереді. Себебі, ол сіздің алға қарай қандай медициналық көмектерді алатыныңызды анықтайды. Бұл жүйе Қазақстанда 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап іске қосылды. Осы уақыттан бастап қазақстандықтар медициналық сақтандыруға ақша аударып, қажетті медициналық қызметтерді пайдалана бастады. Сол жылы ауданымыздың көлемінде аудан әкімдігі, облыстан келген мамандар, аудандық орталықтандырылған аурухана, түрлі бөлімдер мен ұйымдар тарапынан жиналыстар, кездесулер өтіп, жауапты тұлғалар халыққа кеңінен түсінік бергені есімізде. Түсінік жұмыстары кейінгі жылдары да жалғасын тапты. Айтудай-ақ айтылған сияқты. Бірақ, қазақпыз ғой басымызға күн тумаса тыңдап аламыз да, «Алға қарай көре жатармын», деп жайбырақат жүре береміз. Бұлай дейтін себебіміз, содан бері біраз жылдар артта қалса да сақтандырылмағандар ауданымыз бойынша әлі де бар болып шықты. 7754 азамат сақтандырылмаған.
Бас ауырып, балтыр сыздай қалса сізге қажетті медициналық оңалту, жоспарлы түрде ауруханаға жатқызу, қымбат тұратын оталар, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінен асатын дәрілік заттармен қамтамасыз ету, зертханалық және құралдық зерттеулер және басқалары көрсетілмейді. Осыны ескеріңіз. Оларға қалтаңыздан шығынданасыз. Ал, жарна уақытылы аударылып отырса оларға керек қаражат қордан төленеді. Кейбір адамдар МӘМС-ті зейнетақы қоры сияқты көреді. Яғни, жарнамыз аударылып жатыр, белгілі бір мөлшерде ақша жинақталған соң ғана пайдалана аламыз деп ойлайды. Шын мәнінде олай емес! Бұл медициналық секторды қаржыландырудың жаңа әдісі. Ол бірлескен жауапкершілік қағидаты бойынша жұмыс істейді. Мемлекеттен және еңбекке жарамды халықтан аударылған барлық қаражат бір әлеуметтік әмиянға – Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына түседі. Одан кейін барлық емделушілердің қанша жарна төлегеніне қарамастан көрсетілген медициналық қызметтерге төлем жасалады. Мысалы, бүгін медициналық көмек сізге қажет болса, қордың қаражаты емделуіңізге жұмсалады. Ертең медициналық көмек сіздің жақын адамыңыз, туысыңыз, досыңыз немесе көршіңізге қажет болғанда, қор қаражаты олардың ем алуына көмектеседі. Жоғарыда айтқанымыздай ең бастысы қорға жарна аударған болуы тиіс. Дербес төлеуші болсаңыз ай сайын төлейтін жарна мөлшері ең төменгі жалақының 5%-ы, бұл - 4250 теңге. Оны кез келген банктен, телефоныңыздағы банк қосымшаларынан, «Қазпошта» АҚ-тан, Касса 24 және Qiwi әмиян терминалдары арқылы төлей аласыз. Жарналар мен аударымдар Қазақстан Республикасы Ұлттық банкіндегі арнайы шотқа түседі, ал, ол жерден медициналық ұйымдарға көрсетілген қызметтерді төлеуге бағытталады. МӘМС жүйесіндегі қызметтерді төлеген соң, уақытша бос тұрған қаражатты Ұлттық банк бағалы қағаздар мен депозиттерге аударады. Бұл қосымша табыс алуға мүмкіндік береді, демек, МӘМС-те жинақталған активтердің сомасы артады. Әлбетте, олар тек медициналық қызметтерді төлеуге бағытталады, қордың қажеттілігіне жұмсалмайды. Жүйе ашық жұмыс істейді, ақпараттар интернетте және еліміздегі емханаларда қолжетімді. Мемлекет 15 жеңілдік санатындағы 11 миллион адамға төлейді.
Біле жүрген артықтық етпейді, еске сала кетейік, 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы (ЕТЖ) мен айлық есептік көрсеткіштің (АЕК) өсуіне байланысты міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға төлейтін жарналар мен аударымдардың мөлшері өзгерді. Жұмыс беруші – жұмыскердің жалақысының 3%-ы, бірақ 10 ЕТЖ аспайтындықтан, 25 500 теңгеден артық емес жарна төлейді. Егер қызметкер 15 жеңілдік санатының біріне кірсе, оған аударымдар жасалмайды. Жұмыскерлер, соның ішінде азаматтық-құқықтық шарттар бойынша табыс алатындар – табысының 2%-ы, бірақ 10 ЕТЖ аспайтындықтан, 17 000 теңгеден артық емес ақша аударады. Жеке кәсіпкерлер, жеке практикамен айналысатын тұлғалар және шаруа қожалықтарының иелері – 1,4 еселенген ЕТЖ-ның 5%-ы, 2024 жылы бұл сома 5 950 теңгені құрайды. Мемлекеттің 15 жеңілдік санатына кіретін азаматтарға төлейтін жарна мөлшері – 5 800 теңгеден асады. Бұрын сақтандырылған мәртебесін алу үшін өткен 12 айға төлем жасау керек еді. Уақытында төленбесе қарыз пайда болатын. Енді мәртебені алдағы 12 айға жарна төлеу арқылы алуға болады, яғни, өткен жылғы қарызды өтеудің қажеті жоқ. Бір жыл бұрын сақтандырылу үшін әр айға 4 250 теңгеден жарна төлеп тастайсыз. Ескеретін жайт, 12 айды жеке-жеке төлеу маңызды. Өйткені жарналарды бір сомамен 51 000 теңге етіп төлеген кезде, жүйе жаңа тетік бойынша мәртебе бермейді.
Әрине, қай салада да кемшіліктер жоқ емес. Егер сізге сапасыз медициналық қызмет көрсетілсе немесе мүлде көмек көрсетілмесе, 1414 бірыңғай байланыс орталығына хабарласып, пациенттерді қолдау және ішкі аудит қызметіне немесе ӘМСҚ сайтына кіріп, құқығыңызды қорғай аласыз.
Қанат ҒҰМАРОВ