Жолдауда масылдықпен күресу мәселесі көтерілген. Әлеуметтік жеңілдіктерді нақты жағдайдың пайымына бармай көбейтудің белең алып отырғаны оның ел экономикасын дамытуға кері әсерін тигізетіні баса айтылған.
Толық емес отбасына жеңілдікті алу үшін жасанды ажырасулардың көбеюі шындық. Кейбір топтардың еңбек етіп, өнім өндіріп соның жемісін көруге жұмыстанудан гөрі, үкіметтен қалайда бірдеңе алуға ұмтылып тұратыны жасырын емес. Қазақ елінде «қой үстінде бозторғай жұмыртқалап тұрса да», қол жеткен табыстарға ризашылықпен қарамайтындар саны да баршылық. Ертеректе отынға қамыс, жыңғыл, тезек, көмір жаққанымызды, көшеміз бұрқылдаған көк шаң болғанын, жол жоқ Гурьевке ара қонып, Шортанбайға бір күн жүріп баратынымыз күні кеше емес пе еді?! Сол жағдайды көрген 70-тен асқандар неге басу айтпаймыз, біз тоқтау айтпасақ, кім айтады.
Бір мысал айтайын, 1964 жылы «Коммунизм жолы» кеңшары құрылды. Зейнет жасына жеткендерге кеңшарда алты ай қызмет жасағаннан кейін зейнетақы тағайындалатын ережеге сай, жылқышы Мусин Теміртастың анасына кадр бөлімінің басшысы: «Сіз, жасыңыз жеткендіктен зейнетақы алу үшін бұйрыққа кіргізуіміз керек құжаттарыңызды беріңізші» дегенде үлкен қария шошып: «Шырағым, жамандықты бастап не айтып отырсың, мен үкіметтен зейнетақы алатындай жетім кемпір деймісің? Балам бар асырайды. Алла баламның деніне саулық берсін, ғұмыр жолын ұзақ етсін. Зейнетақы алғанша мені күресінге шығарып тастасын» деп құжатын бермей, зейнетақы алмай сексенінші жылдарға дейін өмір сүрген. Бүгінгі таңда әке-шешенің зейнетақысын малданып жүргендер аз емес. Бұл біздің қоғамдағы масылдық. Онымен күрес баршамыздың ісіміз.
Өмірзақ Қажымғалиев,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Құрмет» орденінің иегері

