Қазір қоғамның тынысын тарылтып тұрған кесел көп. Соның бірі – көзге көрінбес, бірақ жанды жегідей жейтін қауіпті дерт: лудомания.
Бұл – жай ғана әуесқойлық емес, бұл – бір адамның ғана емес, бүтін бір отбасының тағдырын бұзатын әлеуметтік індет. Бүгінде ойын автоматтарының қаңғырлаған дыбысы, телефондағы жарқ-жұрқ еткен қосымшалар мен «оңай олжа» уәдесі талай жанды арбап, тыныштықты ұрлап барады. Адамның өмірінде бір сәттік қызық үшін күресетін тұстары көп-ақ. Бірақ сол бір сәттің артында терең құрдым жатқанын көпшілігіміз аңғара бермейміз. Лудоман үшін алғашқы ұтыс – бақыттың бастауы емес, керісінше түбі белгісіз тәуелділіктің қақпасы. Ол ақша жеңдім деп қуанады, ал іс жүзінде өз еркінен айырылғанын сезбей қалады. Бір рет жеңген адамның санасында «тағы да болады» деген алдамшы үміт өсе береді. Осылайша үміт пен үрейдің арасындағы бәйге күн сайын жалғаса береді. Газет бетіне жиі түсетін оқиғаларды ойлап көрейік: қарызға батқан әке, үйінен айырылған жас отбасы, қаржылық күйзелістен күйреген тағдырлар… Бәрінің түп-төркіні – ойын құмарлық. Бірінің несие алғанын, екіншісінің тұрмыстық техникасын ломбардқа өткізгенін, үшіншісінің отбасын тастап жоғалып кеткенін естиміз. Бұл – жеке трагедия ғана емес, тұтас қоғамға төнген қауіп. Лудоманияның ең қауіпті қыры – оның үнсіз келуі. Ол ішімдіктей иіс шықпайды, есірткідей көзге көрінбейді. Бірақ адамның миын құрықтап, мінезін өзгертіп, рухын әлсіретеді. Ойынға тәуелді болған адам уақытты жоғалтады, қаржысын жоғалтады, ең бастысы – өз қадірін жоғалтады. Оны айыптау оңай, түсіну қиын. Өйткені бұл тәуелділіктің түпкі тамыры тереңде жатыр: жалғыздық, күйзеліс, бос кеңістік, мақсатсыздық.
Диана ІЗБАСАРҚЫЗЫ

