Ұлттық құрылтайда сөйлеген Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Үкіметтің салық реформасына қатысты ұсынған жаңа тәсілдер туралы да айтты. Кәсіби мамандар да, жалпы жұртшылық та қосымша құн салығының мөлшерлемесін көтеру қажеттігіне түсіністікпен қарағанын, дейтұрғанмен арасында сын-пікірлер де жоқ еместігін, бірақ мұндай пайым шынайы ахуалға негізделмегенін мәлімдеді.
«Салық жүйесі, бұл – бүкіл мемлекеттік жүйенің тірегі. Бюджетте қаржы болмаса, мемлекет өз міндетін толық атқара алмайды, әлеуметтік міндеттемелер де орындалмайды. Еліміз үшін аса қажет шаралардың мән-маңызын халыққа егжей-тегжейлі түсіндіру керек. Жұрттың бәрі экономист немесе қаржыгер емес» деп насихаттық жұмысты әлі де ойластырып жүргізу қажеттігін алға тартты. Мемлекет басшысының сөзінше, түрлі себепке байланысты өзіне ауқымды әлеуметтік міндеттеме алмайтын елдер аз емес. Ал, Қазақстанның бюджет қаржысының жартысынан көбі әлеуметтік салаға жұмсалатынын айтып, «Біздің еліміз – әлеуметтік мемлекет. Сондықтан білім беру, денсаулық сақтау салаларына инвестиция салуды жалғастырамыз. Бұл – біздің конституциялық міндетіміз. Бірақ шын мұқтаж азаматтарға ғана көмек көрсетілуі керек. Қызметін асыра пайдалануға, алаяқтыққа жол берілмейді. Сондықтан басымдық берілмеген жобаларға бөлінетін қаржы азаяды. Бұл қажет шара екені айдан анық. Үкімет осы жылдың соңына дейін оны қалай оңтайландыру керектігін біржола анықтап алуға тиіс» - деп түйіндеді.
Жұмақай ҒҰМАРОВ,
Құрманғазы ауылдық ардагерлер ұйымының төрағасы