ӨТКЕН ҒАСЫРДЫҢ 1941-1945 ЖЫЛДАРЫНА СОЗЫЛҒАН ҚАН МАЙДАНДЫ АЯҚТАП, ФАШИЗМНІҢ ОРДАСЫН ОРТАСЫНА ТҮСІРГЕН ҰЛЫ ЖЕҢІСКЕ БИЫЛ 80 ЖЫЛ ТОЛЫП ОТЫР. СЕКСЕН ЖЫЛ БҰРЫН КСРО-НЫ ТЕЗ АРАДА КҮЙРЕТІП, ХАЛҚЫНЫҢ ЖАРТЫСЫН ТҮГЕЛ ЖОЙЫП, ҚАЛҒАНЫН ҚҰЛҒА АЙНАЛДЫРМАҚ БОЛҒАН ГИТЛЕРШІЛЕРДІҢ ЖОСПАРЫ ШАҢ-ТОЗАҢҒА АЙНАЛАДЫ.
Еуропаны алшаң басып, менмін деген елдердің аз уақытта қабырғасын қақыратқан блицкригтің Кеңес Одағында тұмсығы тасқа тірелді. Бұл – КСРО Қарулы Күштерінің қатардағы жауынгерінен бастап, генералдарына дейін ерлікпен соғысқанының нәтижесі. Соғыс созыла бастағанынан-ақ жау бір нәрсені ескермегендерін, батыстағыдай шеру жасайтын серуен емес, мұнда әр шаршы метр үшін шайқасатындарын ұқты. Гитлерге оны төбесіне ұрып түсіндірген қазақ жауынгерлерінің қатарында жерлесіміз, Ұлы Отан соғысының ардагерлері Хамит Жаудин мен жұбайы Мария Зорманова болғанын мақтан тұтамыз.
Құт дарыған Құрманғазы жерінің Нұржау ауылында 1923 жылы 4 мамырда дүниеге келген Хамит Айбекұлы көп балалы отбасында өсті. Біреуден ілгері, біреуден кейін болып, ел қатарлы ғұмыр кешті. Орта мектепті ойдағыдай аяқтап, 1940 жылы Астрахань жұмысшылар факультетіне оқуға түскен жас жігіттің мақсаты шәкірттер тәрбиелеу болатын. Факультетті 1941 жылы аяқтап, ақ армандарын қанат етіп, ауылына жетіп, Кобяков ауылындағы орталау мектепке мұғалім болып орналасады. Алайда, аяқ астынан ел шетіне жау тиіп, дүрбелең басталғанда сырттап қала алмады. Бейбіт өмірдің шырқын бұзған фашистердің сазайын тартқызғысы келді. Көзі ашық, көкірегі ояу жас жігіт газеттерден Гитлердің Еуропа елдерін бірінен соң бірін жаулап алып жатқанын оқыса да жүрегі селт етпеді. «Мейлі, аузынан ажал отын шашқан жеті басты аждаһа болса да біз оның табанында тапталатын халық емеспіз. Бойымызда батыр бабаларымыздың қаны бар» деп өжеттенген шығар. Ол кездің жастарында отаншылдық рух күшті болатын. «Ат тұяғын тай басар» дегендей, жоңғар шапқанда атқа қонған қазақ батырларындай Хамит ағамыз да ел қорғауға асықты. Өз еркімен майданға сұранса, әскери комиссариаттағылар: «Оқу жылын аяқта, содан кейін зұлым жаумен соғысуға аттанасың» дейді. Бірақ гитлершілермен қиян-кескі шайқастар күшейген соң 1942 жылдың 20 мамырында әскерге шақырылады.
Қысқа мерзімді дайындықтан кейін Хамит ағамыз Иосиф Сталиннің аты берілген, ірі «ИС» танкін мініп, ұрыс даласына кірді. Тарихи деректерде осы «ИС» және жеңіл «Т-34» танкілері немістерге төбесінен найзағай ұрғандай тосын сый болғаны жиі айтылады. Әскери күштері жағынан өздерін мықты санаған жау Кеңес Одағында мұндай танктер бар деп ойламаса керек. «ИС»-те танкіші, бағдарлаушы, пулеметші болып шайқасқан Хамит ағамыз жойқын шайқастарда ерліктің үлгісін көрсетті. Немістің «Фердинанд», «Пантера» сияқты танктерін жойып, өзін көздеген зеңбіректерін таптап өтіп, жаудың үрейін ұшырды. Воронеж, І Украина, дала майданы құрамында соғыстың от-жалынға оранған, жер-ананың көкірегі қарс айырылып жатқан жорық жолдарынан өтті. Талай мәрте ажал аузынан қалды. Әрине, жорық жолдары өлім себелеген жау бекіністерінің үстімен өткенін ойласақ, оңайға түспегенін ұғамыз. Қолыңның бір жерін сәл ғана кесіп кетсе, удай ашиды, ал, ұрыс даласында оқ пен снаряд, бомба жарықшағы тиіп өліп те, жараланып та жатады. Қалың жаумен жағаласқан, ұрыс даласын ажал кезіп жүрген сәттерде Хамит ағамыз да бірнеше рет жараланды. Бірақ ұрыс даласына қайта оралып отырды. Ерлігі елеусіз қалмай, «Қызыл жұлдыз» орденінің, «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалінің иегері атанды.
Хамит ағамыз басынан өткерген, 1943 жылы Курск иініндегі шайқаста екі жақтан да жүздеген танкі қатысқаны тарихтан мәлім. Мұның қандай алапат қырғын болғанын түсіну үшін бірер естеліктен қысқаша үзінді келтірейік. Кеңес Одағының батыры, танкист Г.Пэнэжко өз естелігінде: «Таңертеңнен бастап Курск даласын құлақ тұндырған мотор дүрілі кернеді. Оның қаттылығы сондай құлақтарымыздың мембраналары жаңғырып, қан ағып жатты. Ауыр металдар сылдыры, қақ айырылған темірдің жабайы дауысы, қару-жарақтың, снарядтардың, бомбалардың, танктердің жарылуы бәрін ұмыттырды. Біз уақыт сезімін жоғалттық, шөлдеуді де, ыстықты да, тіпті танктің тар кабинасында соққыларды да сезбедік. Бір ой, бір ұмтылыс болды – ол тірі кезіңде жауды көбірек жою. Өлсең жастығыңды ала жығылу. Бұл шайқастан тірі шығамыз деп ойламадық. Сынған машиналарынан шыққан біздің танкистер алаңнан техникасыз қалған жау экипаждарын іздеді, оларды тапаншалармен атып, қолма-қол шайқасқа шығып өлтіріп, өздері де қаза тауып жатты» деп жазады. «Мұндай қанды қасапты неміс әскерлері бұған дейін көрмеген болатын. Медицина қызметкерлері жараланғандарға көмек көрсетіп үлгермей жатты. Бір медбике маған медпункт мал сою орны сияқты қанға малынып жатқанын айтты» деп жазған неміс капралы. Міне, Хамит Айбекұлы да осы қырғынның бел ортасында жүрді. Жаудың жаяу әскері мен танктерін жоюға қатысты. Сондай жойқын текетірестің бірінде ол отырған танк жалынға оранады. Қасынан өтіп бара жатқан қаруластары аяғы сынып, қансырап жатқан Хамит ағамызды байқап қалып, люктен суырып алып, дала госпиталіне жеткізеді. Бастапқыда майдан даласына қайта оралғысы келгенімен, ол ойы жүзеге аспайды. Жарақаттары емделгенімен бірнеше жерден сынған аяғы емге көнбей, кестіруге тура келеді. Бірер госпитальде болып, көп емделіп, 1945 жылы сәуірде туған жерінің топырағын басады.
Елге оралғаннан кейін еңбек майданы күтіп тұрған. Мүгедекпін деп жанын күтпей, елдің жағдайын түзеуге бел шешпестен кірісті. Қандай жұмысты да үлкен жауапкершілікпен, ұқыптылықпен, тиянақтылықпен тындырды. Аудандық мемлекеттік банкте, партия комитетінің өнеркәсіп бөлімінде, аудандық жоспарлау комиссиясында, аудандық статистика бөлімінде басшылық қызметтерді абыроймен атқарды. Шебер ұйымдастырушы, әділ де алғыр басшы, ойын тіке айтатын азамат ретінде танылды.Зейнеткерлікке шыққаннан кейін аудандық мүгедектер қоғамын басқарып, қамкөңіл жандарды қамқорлады. Ондаған соғыс мүгедегіне «Ока», «Запорожец» автокөліктерінің берілуіне атсалысты. Майдангерлердің үйлерін жөндеуге, қаржылай көмек алуына жәрдемдесті.
1947 жылы елге оралып, өзі сияқты майдангер Зорманова Мария Айсақызымен бас қосып, шаңырақ көтереді. Украина жеріндегі, Курск маңындағы қанды шайқастарды басынан өткерген Мария Айсақызы 1924 жылы 25 желтоқсанда Астрахань облысы, Қызылжар ауданында дүниеге келіп, Байбек ауылындағы мектепте оқыған. 1938 жылы ата-анасы бақилық болған соң, Кривой Бузанда балық зауытында жұмысшы, осындағы балабақшада тәрбиеші болып жұмыс жасайды. 1940 жылы ауданымыздағы туыстарын сағалап келеді де, аудандық қаржы бөліміне жұмысшы болып орналасады.
1942 жылдың қараша айында шақыру қағазы келіп, майданның от-жалынынан бір-ақ шығады. Пилоткасын баса киіп, әскери киімі өзіне жарасқан жас қыз бастапқыда атқыштар дивизиясының 416- шы полкінде байланысшы болады. Отты жылдар жайлы естелігінде майдангер ана: «Майданда бұл дегеніңіз – нағыз қарап жүріп өлетін жағдай. Ұрыс даласында телефон байланысы ол күнде тек тартылған сымдар арқылы жүзеге асырылады. Бұрқылдаған атыс кезінде талай сымдар үзіледі, оны шұғыл жалғау керек. Жер бауырлап еңбектей жөнелесіз. Сөйтіп жүргенде неміс мергендерінің қарауылына ілігіп, өліп тынасыз. Құдай сақтап, әйтеуір өлмей тірі қалдық. Майданда дала госпиталінде медсестра болып та қызмет жасадым. 1943-1944 жылдарда әскерлеріміз үздіксіз шабуылдауда болды. Атақты Курск иініндегі отты шайқастың ортасында жүрдік. Украинаның талай қалаларында болдық» деп жазады. Медбике болып жүргенде көршілес палатаға ауыр жараланған қазақтың ұшқыш қызы түскенін естіп, жиырма минутқа сұранып жүгіріп барады. Ол Хиуаз Доспанова екен. Соғыс даласында кездескен жерлес қос ару танысып, көздеріне жас алады. Мария Айсақызы ІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордені, «Германияны жеңгені үшін», «Маршал Жуков» және басқа да жеті медальмен, «Ана даңқы» орденімен марапатталған. 1945 жылдың шілде айында аман- есен елге оралып, ауданда нотариус, кейіннен аудандық мал өнімдерін дайындау мекемесінде, аудандық тұтынушылар одағында, шикізат дайындау кеңсесінде бас есепші болып жұмыс жасайды.
«1947 жылы Жаудин Хамит деген азаматпен көңіл жарастырып, тұрмысқа шықтым. Бұл кісі де соғысқа қатысып, бір аяғын сонау Украина даласында қалдырып келген жаралы жауынгер екен. Бірақ одан бұл кісі ғұмыр бойы кемдік көрген жоқ. Ұзақ жыл мекеме басқарды, түрлі жауапты қызметтер атқарды. Бір аяғы жоқ болса да қолына ешқашан таяқ ұстамағанына өзім де қайран қалып отыратынмын» деп жазады Мария Айсақызы.
Қос майдангер өмірге екі ұл, бес қыз әкеліп, тәрбиелеп өсірді. Барлығына жақсы тәрбие беріп, оқытып-тоқытып ел қатарына қосты. Балдай тәтті тілімен өмірлерінің нұры болған немере-жиендерінің қылығын қызықтады. Қазіргі уақытта Хамит Айбекұлының үлкен ұлы Тілепберген, қыздары Дариға мен Галина дүние салды. Олардың артында ізін жалғар ұл-қыздары қалды. Хамит ағамыздың қалған ұрпақтары Талғат, Светлана, Сәуле, Нелля – құрылыс, кәсіпкерлік, медицина саласында еңбек етіп ел құрметіне бөленген жандар. Ұлдары мен қыздарынан тараған немере-жиендердің өзі бір төбе. Өздерінің осындай ата- әжесі болғанын мақтан тұтып, аттарына кір келтірмей өсіп- өніп жатыр.
Қанат ҒҰМАРОВ