КӘСІПКЕР ҚОЛДАУДЫ СЕЗІНЕ БІЛУ КЕРЕК

(0 Votes)

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев парламенттің ашылу сессиясында өзінің Қазақстан халқына арнаған Жолдауын жариялағаны белгілі. Жолдауды тыңдай отырып, көңілге біраз ой түйдім. Президент өз сөзінде алдағы уақытта атқарылатын бірқатар жұмыс жайлы айтып берді.

Соның ішінде кәсіпкерлік саласына баса көңіл бөлінетіндігі белгілі болды. Бұл ретте Жолдауда билік пен бизнес арасында сындарлы диалог болуы керектігін, құқық қорғау органдары кәсіпкерлерді қудалауын біржолата тоқтату тиіс екендігін баса айтты. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы:

«2029 жылға қарай орта бизнестің ел экономикасындағы үлесі 15 пайызға жетуі керек. Бұл – Үкіметтің алдында тұрған маңызды міндет. Қазір бұл көрсеткіш – 7 пайыз шамасында. Жыл басында мен орта бизнесті қолдау үшін нақты шешімдер қабылдау жөнінде тапсырма бердім. Яғни, жан-жақты шаралар қолға алынуы керек еді. Алайда іс жүзінде әлі дайын емес. Әр кәсіпкер қолдаудың қандай түрі бар екенін және оған қалай қол жеткізе алатынын еш қиындықсыз біліп отыруы қажет. Сонда шағын бизнес орта бизнес санатына өтуге мүдделі болады. Бізде қазір қолдау шараларының 100-ден астам түрі бар. Бұдан білікті маманның өзі шатасуы мүмкін. Сондықтан мемлекеттік қолдау шараларының қаншалықты тиімді екенін мұқият тексеріп шығу керек. Ұсынылатын жеңілдіктердің бизнес өкілдеріне түсінікті бірыңғай тізімін әзірлеу қажет. Шағын және орта бизнесті дамыту үшін финтех тәсілдерін пайдалануға болады, бұл мәселе бойынша тиісті ұсыныстар бар» деген болатын.

Қазіргі таңда ауданда барлығы екі мыңнан астам кәсіпкер тіркелген. Олар бүгінде бірнеше мың адамды жұмыспен қамтып отыр. Осы орайда, аудан халқына 205 сауда нысаны, 1 базар, 51 қоғамдық тамақтану орыны, 89 қызмет көрсету орталығы және 30 өндіріс орыны қызмет етуде. Сол сияқты ауданда кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан да көптеген көмек көрсетілуде. Сонымен қатар, кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау бойынша да палата жанынан бірқатар жұмыс атқарылуда. Осы орайда, Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған тапсырмалар мен міндеттерді орындау бағытында да жүйелі жұмыстар жалғаса беретін болады.

Алтынзер БАЙМҰРАТОВА,

аудандық кәсіпкерлік палатасының директоры, аудандық мәслихат депутаты

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT