Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында: «Біз Ұлттық қордың тұрақты даму құралы ретіндегі рөлін қайта қарауымыз керек. Қорды қосымша инвестиция көзі ретінде қолдану үшін ел ішіндегі болашағы зор және нарықтағы әлеуеті жоғары болатын жобаларға қаржы бөлуге болады. Ең бастысы, қаражатты мұқият ойластырып жұмсау керек», деп айтқанын қолдаймын. Бұл қорға қосымша кіріс әкеледі.
Ұлттық қордағы қаражат алғаш рет 2008 жылғы дағдарыста қолданылып, экономикамызды тұралтпауға көмектесті. Одан кейін де бұл қор еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуында үлкен рөл атқарды. Оны қосымша инвестиция ретінде мұқият ойластырып болашағы зор, тез арада кірісі болатын жобаларға салғаннан ұтылмаймыз. «Бір оқпен екі қоян атамыз», яғни, қордың қаражаты артады, жоба да іске асады. Алайда, стратегиялық маңызы зор қордың қаражатын Жолдауда айтылғандай мұқият ойластырып жұмсаған жөн. «Жеті рет өлшеп, бір рет кес», дегендей, болашағы бұлыңғыр емес, нарықтағы қайтарымы жоғары болатын жобаларға салынуын екі шұқып бір қарамаса болмайды. Көрінгенді қарпып қалатын жемқорлардың жемсауына кетпеуі тиіс. Себебі, Ұлттық қор заман атты айдында берекетсіз ығып кетпес үшін нарық деген қайықты таяп отырар таяуымыз.
Қанат Ғұмаров