Халықаралық ұйымға реформа қажет

(0 Votes)

Мемлекет басшысы 8-ші қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында бұрын-соңды болмаған мүлде жаңа сын-қатерлер күллі адамзаттың қауіпсіздігіне нұқсан келтіріп отырғанын атап көрсетті. Халықаралық құқықтың мән-маңызы кете бастағанына, Біріккен Ұлттар Ұйымы өзінің рөлі мен мәртебесіне сай қазіргі басты түйткілдерді шешуде қауқарсыз болып қалғанына тоқталды.

«Тіпті жасанды интеллектіні пайдаланып, аса қауіпті қару жасайтындар пайда болды. Геосаяси ахуалдың түбірімен өзгере бастағанын аңғартатын басқа да факторлар аз емес. Менің негізгі мақсатым – осындай түрлі қатерге толы кезеңде еліміздің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуын және қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Өскелең ұрпақ бақытты, берекелі өмір сүруге тиіс», деп сол үшін бәріміз бір ұлт болып, табанды еңбек етуге шақырды.

Шынымен де Біріккен Ұлттар ұйымына реформа жасау қажеттігі туындауда. Әйтпесе, халықаралық құқық сақталмайды. Қазірдің өзінде бұл ұйым Израйлдің Палестина жеріне шабуылын, Ресей мен Украина арасындағы соғысты тоқтатуда қауқарсыздық танытуда. Қауіпсіздігіне қатер төнгенін айтып өзіне жүгінген мемлекеттерге көмек бере алмауда. Негізі сол үшін құрылды емес пе? Мысалы, ондаған жылға созылған Армения мен Әзірбайжан арасындағы қырғиқабақ қатынасты жақында ғана АҚШ президенті Трамп реттеді. Бұл БҰҰ-ның жұмысы емес пе? Ол қолынан келмеді. Халықаралық ұйымның жақында өткен отырысына Палестина делегациясының қатысуына АҚШ президенті Дональд Трамп тыйым салып тастады. Ұйым неге оған қарсы тұрмады? БҰҰ-ның Израйлдің Катар астанасы Доханы бомбалауын айыптап, алайда еврей мемлекетінің атын атамағаны да түсініксіз. Президентіміздің айтуы дұрыс, қазір әлемде геосаяси ахуал түбірімен өзгеру үстінде. Тоқсаныншы жылдардан бері созылып келе жатқан АҚШ-тың жалғыз өзі билеп-төстеген рөлі енді келмеске кететіні көріне бастағандай. Қазір әлемдік аренада Американың емес, өзінің дегенімен жүретін Ресей мен Қытай сияқты ойыншылар пайда болды. Қытай мен Тайвань арасындағы қырғиқабақтық әлі шешілген жоқ. Енді Ресей мен Қытай бір жақ, АҚШ екінші жақ болып, олардың арасындағы қатынас шиеленісіп кетпеуі, ядролық соғысқа соқтырмауы үшін БҰҰ-ның әлемдік қауіпсіздікті сақтаудағы рөлін көтеру қажет. Бұл ұйым АҚШ-қа жалтақтамай дербес саясат ұстанып, оның құрамындағы барлық мемлекеттер бірауыздылық танытса, Американың гегемондығы тежеліп, соғыстар мен шиеленістер тоқтайды. Біріккен Ұлттар ұйымы атына заты сай, шоқпарын көтерген мемлекетті «доғар», деп тежей алатындай болуы керек. Сонда ғана әлемдік бейбітшіліктің  кепіліне айналады. ХХІ ғасыр халықаралық ұйымның алтын ғасыры болуы тиіс деп ойлаймыз. 

Жеріміз кең болғанымен саны аз, екі жағында ядролық қаруы бар алпауыт мемлекеттер орналасқан елміз. Олардың ығына жығылмағанмен, татулықта болу міндетіміз. Екі алыпты мұқият зерттеп, арбаны да сындырмай, өгіздіде өлтірмей мемлекетіміздің мүддесіне пайдалана білуге тиіспіз. Бұл елдерде үлкен нарық бар. Жақында Ресей Әзірбайжаннан қызанақ әкелуге тыйым салып тастап еді, аталған мемлекеттің фермерлері қыруар шығынға батты. Әлеуметтік желіден өсірген қызанақтарын арзан бағамен өткізе алмай қоқысқа төгіп жатқанын көрдік. Экспортымыз да негізінен Ресей мен Қытайдың үстінен өтеді. Сол себепті бізге сыртқы және ішкі саясатта аса мұқияттық танытпасақ болмайды. «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді, алтау араз болса ауыздағы кетеді», деп дана бабаларымыз текке айтпаған. Бүгінгі заманда ауадай қажет нәрсе ел бірлігін сақтау. Мемлекет басшысы Жолдауында айтылғандай бірлігіміз сыналаса да бұзылмайтындай берік болса, табанды еңбек етсек  көп нәрсеге қолымыз жетеді.  

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT