Қазақстанда адамды еркінен тыс заңсыз пайдалану адам саудасына теңестірілген. Жыл сайын мұндай қылмыстарды анықтау пайызы артып келеді. Мәселен, Қазақстанның Ішкі істер министрлігінің деректерінен бір-екі мәлімет келтірейік.
30 жастағы Артур Б. өзінің танымал жергілікті сайттардың біріндегі хабарландыру бойынша жұмыс іздеуі үйінен 200 шақырымнан астам шалғай жерде, шексіз далада орналасқан мал фермаларының бірінде екі жылға жуық уақытқа созылған құлдыққа айналуы мүмкін деп ойлаған жоқ. «Мен электрик мамандығы бойынша облыс шаруашылықтарының бірінде (Қарағанды облысы) жұмыс істеймін деп күттім. Себебі, хабарландыруда сондай маман іздеп жатқаны жарияланды. Көрсетілген нөмірге қоңырау шалып, олармен кездесіп, жұмыс жасауға келістім. Алайда, фермаға келгеннен кейін мені ең лас және ауыр жұмыстарды орындауға салды. Шын мәнінде кез келген бас тартуым үшін ұрып-соғуға болатын құлға айналдым», - деді Артур. Жігіт өзінің «жұмыс берушілерінен» бірнеше рет қашуға тырысты, бірақ оны ұстап алып, ұрып-соғып, қайтадан жұмыс істеуге мәжбүр еткен. «Төбе жоқ далада жасырыну мүмкін емес, бәрі алақандағыдай көрінеді. Күндіз сайларда тығылып отырып, тек түнде жүрдім. Бірақ туған үйіме дейінгі 200 шақырымды жаяу игеру оңай болған жоқ», – дейді жігіт. Оны далада кездейсоқ кездескен адамға полицияға айтуы үшін сыбырлап үлгергені құтқарды. Сірә, сол адам құқық қорғау орынына жеткізсе керек, өтініші орындалды. Біраз уақыттан кейін полиция фермаға барып, Артурды құлдықтан босатты.
40 жастағы Евгений Р-дың оқиғасы одан да қорқынышты. Ол Орталық Қазақстандағы ауылдардың бірінде туып-өскен. Ата-анасы түсініксіз себептермен оны өз уақытында мүмкіндігі шектеулі бала ретінде есепке қоймаған. Анасы тірі кезінде оның туған үйіндегі өмірі қауіпсіз болды. Бірақ ол өмірден өткеннен кейін Евгений ешкімге қажет емес, күнкөріс көзі жоқ адамға айналды. Облыс орталығына келіп, мұнда үйсіз қалды. Бірде, қыс мезгілінде белгілі бір тұрғылықты жері жоқ адамдар суықтан қашып тығылатын көпқабатты үйлердің жертөлелерінің бірінде бейтаныс жігіттер адамдарды аулап, Евгенийді белгісіз бағытқа әкетті. Шамамен алты жыл бойы еңбек құлдығында, ең қара жұмыста адам төзгісіз жағдайда ұсталды. Оның саусақтары қатып қалғанда, сол фермадағылар кесіп тастаған. Полиция алыс қыстақтарға бірлескен рейдтер жасамаса құлдықта әлі қанша жыл қала берері белгісіз еді. Олар Евгенийді «қожайындары» аяусыз ұрып-соғып жатқанда үстінен түсіп, куә болған. Қазір Артур да, Евгений де басқа достарымен бірге арнайы баспанада және қазіргі құл иелеріне қатысты тергеу әрекеттерінің аяқталуын күтуде.
Қазақстан адам саудасына қарсы іс-қимыл жөнінде жеке заң қабылдау туралы шешімге келді. Қазақстанға адам саудасының құрбандарын әкелетін негізгі елдер Орталық Азия республикалары және ТМД-ның кейбір басқа мемлекеттері болып табылады. Адам саудасының көпшілігі Астана, Алматы, Қарағанды облысы, Қызылорда, Ақтөбе, Қостанай және Шымкент қалаларында анықталған. Еліміздің құқық қорғау органдарына мұндай жағдайларды анықтауда әртүрлі халықаралық құрылымдар мен ұйымдар, соның ішінде, Халықаралық көші-қон ұйымының (ХКҰ) Қазақстандағы бөлімшесі үлкен қолдау көрсетуде. Осы және республикадағы басқа да құрылымдардың консультативтік қолдауымен жақын арада адам саудасына қарсы іс-қимыл жөніндегі жаңа заң іске қосылды. Бұған дейін билік қатаң шаралар қабылдаған, бірақ, адам саудасына барушылар заңды айналып өтудің жолдарын табады, әдетте ең осал адамдарды құрбан етіп таңдайды. Халықаралық көші-қон ұйымының (ХКҰ) мәліметтері бойынша, білімі төмен немесе мүлдем білімі жоқтардың адам саудасы құрбаны болуы ықтималдығы орта мектепте оқитындарға қарағанда 20 есе жоғары.
Қанат ҒҰМАРОВ