СОҢҒЫ ЖЫЛДАРЫ ИНТЕРНЕТ АЛАЯҚТЫҚ ЖАСАУШЫЛАРДЫҢ САНЫ КӨБЕЙЕ ТҮСКЕНІ ОЙЛАНДЫРАДЫ. ЗАМАНАУИ ТЕХНОЛОГИЯЛАРДЫ ТИІСТІ МЕҢГЕРГЕН ҚЫЛМЫСКЕРЛЕР ӘРТҮРЛІ ТӘСІЛДЕРДІ ҚОЛДАНУДА. ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІЛЕРДЕ АЛАЯҚТАР ӨЗ ҚҰРБАНДАРЫНЫҢ ПАРАҚШАЛАРЫН АШЫП, ОЛАРДАН ШҰҒЫЛ МАТЕРИАЛДЫҚ КӨМЕК СҰРАП НЕМЕСЕ ТУЫСҚАНДАРЫНЫҢ АТЫНАН ЖАЛҒАН ӨТІНІШ ЖІБЕРЕТІН ЖАҒДАЙЛАР ЖИІ КЕЗДЕСЕДІ. ҚАНШАМА РЕТ АЙТЫЛЫП ЖАТСА ДА АДАМДАРДЫҢ ШЕКТЕН ТЫС СЕНГІШТІГІ МЕН ҚҰҚЫҚТЫҚ САУАТЫНЫҢ ТӨМЕНДІГІ ОЛАРДЫ ҚАРЖЫ ПИРАМИДАЛАРЫНЫҢ ҚАҚПАНЫНА ІЛІКТІРУДЕ. СӨЙТІП, БЕЛ ШЕШІП ЖҰМЫС ЖАСАМАЙ-АҚ БАЮ НИЕТІ ОЛАРДЫҢ АРАМ ПИҒЫЛЫНА КЕҢ ЖОЛ АШУДА.
Салымшылардың миллиондаған қаржысын айналымға салып отырған банк саласында да интернет-алаяқтық күннен күнге көбейіп келеді. Олар салымшыларға өздерін банктердің қауіпсіздік қызметінің қызметкерлері ретінде таныстырып, клиенттерге шоттарды күдікті операциялар жүріп жатқанын немесе жүйенің сол сәтте дұрыс жасамай тұрғанын хабарлайды. Сенімге кіргеннен кейін ақшаны өздеріне, яғни жалған шотқа аударуды ұсынады немесе банк картасының толық деректерін алдап алып, шоттағы барлық ақшаны иеленіп кетеді. Кейбір банктерде онлайн-несие қарыз алушының жеке қатысуынсыз қашықтықтан рәсімделеді. Осы мүмкіндікті интернет-алаяқтар өз мақсаттарына тиімді пайдалануда. Қарыз алушылардың алатын қарызын рәсімдеу кезінде жеке тұлғаларды сәйкестендіруді міндетті түрде енгізсе, біраз алаяқтардың жолдары да, қолдары да кесілері даусыз Тауарларды интернет арқылы сатып алған кезде тек тексерілген сайттардан алуды есте ұстаған жөн. Әрі бұл қос сайт емес, ресми бет екеніне көз жеткізгені дұрыс. Көбінесе қылмыскерлер бір-біріне ұқсас сайттар арқылы жұмыс жасайды да, ондағы ресурстың сипаттамасын өзгертеді. Банктердің логотиптерін, танымал брендтерді пайдаланады. Егер де сізден тауар үшін алдын-ала төлем сұралса, төлем шарттарын мұқият оқып, тексеріп барып әрекет ету керек. Көп жағдайда басқа адамнан алаяқтық жолмен алған жеке куәлігінің фото суретін жібереді. Егер сіз басқа қаладан тұрып тауарға тапсырыс берсеңіз, ағайын-туыстарыңыздан, таныстарыңыздан ондай тауардың бар жоғын және ұсынылған сипаттамаларға сәйкес келетін, келмейтінін тексеруді ұмытпаңыз.
Бүгінгі таңда цифрландыру мен қашықтан көрсетілетін қызметтердің дамуымен бірге тұтынушылық несие нарығында азаматтарға жалған қарыздарды алаяқтық жолмен ресімдейтін интернет алаяқтықтың жаңа түрлері мен әдістері пайда бола бастады. Интернет-алаяқтықтың бел алуының негізгі және басты себебі – азаматтардың сенгіштігі. Ондай қылмыстарды ашу және тергеуде біршама қиындықта бар. Өйткені қылмыскер үшінші адамдарға тіркелген әртүрлі банк карталары мен абоненттік номерлерді тиімді пайдаланады. Өздері тасада тұрып, ақша қаражатын шешіп алу үшін үшінші адамдарды пайдаланады. Мұндай қылмысты ашу үшін барлық деректерді терең талдау керек. Бұл қосымша білікті адам ресурсын, уақытты талап етеді. Сондықтан да әрбір азамат сенімсіз, белгісіз адамдардан түрлі хабарлама түскен жағдайда міндетті түрде құқық қорғау органдарына хабарласуы керек.
Ж.МҰФТАХОВА,
аудандық сот әкімшісінің бас маманы


