ҒАСЫР ДЕРТІМЕН КҮРЕС

(0 Votes)

ОБЛЫСЫМЫЗДА 1 ЖЕЛТОҚСАН - ЖИТС-ПЕН (ЖҰҚТЫРЫЛҒАН ИММУН ТАПШЫЛЫҒЫ СИНДРОМЫ) КҮРЕСТІҢ ДҮНИЕЖҮЗІЛІК КҮНІНЕ ОРАЙ 10 ҚАРАША МЕН 10 ЖЕЛТОҚСАН АРАЛЫҒЫНДА АУРУДЫҢ АЛДЫН АЛУ АЙЛЫҒЫ ӨТКІЗІЛУДЕ. НАУҚАН ХАЛЫҚ НАЗАРЫН АИТВ(АДАМ ИММУН ТАПШЫЛЫҒЫ ВИРУСЫ) МӘСЕЛЕСІНЕ АУДАРУ МАҚСАТЫН КӨЗДЕЙДІ. АИТВ ИНФЕКЦИЯСЫМЕН КҮРЕС КӨПТЕГЕН ҚАРЖЫ МЕН КҮШТІ ТАЛАП ЕТЕДІ. БҰЛ ЖОЛДА КЕЗДЕСЕТІН ҚИЫНДЫҚТАР ДА АЗ ЕМЕС. СОНДЫҚТАН ОСЫҒАН ДЕЙІНГІ ҚОЛ ЖЕТКІЗІЛГЕН ЖЕТІСТІКТЕРДІ НАЗАРҒА АЛА ОТЫРЫП, ҒАСЫР ДЕРТІНЕ ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛДАРДЫ КҮШЕЙТУ МАҢЫЗДЫ.

Науқан кезінде облыстық ішкі саясат және денсаулық сақтау басқармаларының ұйымдастыруымен үкіметтік емес ұйымдармен, жастар денсаулық орталықтарымен бірге акциялар, семинарлар, спорттық шаралар, брифингтер өткізу жоспарланды. Сонымен қатар, АИТВ орталығының мамандары апта сайын оқу орындарында студенттермен кездесу, «дөңгелек үстелдер» өткізуді қолға алды. «Ашық есік» күндерінде әрбір тілек білдіруші АИТВ орталығына келіп, мамандар кеңесін алып, жергілікті емханалардан анонимді түрде тексерілу үшін қан тапсыру мүмкіндігі қарастырылды. «Ауру айтып келмейді»… АИТВ немесе адам иммун тапшылығы вирусы – иммундық жүйе жасушаларына шабуыл жасайтын вирус. Ол ағзаның қорғаныс жүйесіне жауап беретін T-хелперлерді жойып, олардың орнын өздерінің көшірмесімен толтырады. Вирус қанша көп болса адамның иммунитеті де соншалықты төмен болады. Сондықтан ретровирусқа қарсы терапия қабылдамаған науқас жиі ауыратын болады. Емделмеген жағдайда АИТВ жұқтырылған иммун тапшылығы синдромына, яғни, ЖИТС-ке ұласып кетеді. Дәрігерлер оны АИТВ індетінің соңғы стадиясы деп те атайды. Бұл кезеңде иммунитет өздігінен инфекцияға қарсы күресе алмайды. Бұл ауру әр кезеңде әртүрлі симптомдарға ие. Вирус жұқтырғаннан кейін алғашқы екі-төрт аптада науқастардың 40-90 пайызы өздерін суық тигендей сезінеді. Денесі дел-сал болып, тамағы ауырады, тоңып, үсті қышиды, ауыз қуысында жара пайда болып, лимфа бездері ұлғаяды. Тестердің бәрі болмаса да көпшілігі вирус арқылы бөлінетін антиденелерді анықтай алады. Дегенмен әр жарты жылда немесе жылына бір рет ЖИТС-ке тест тапсыруды әдетке айналдырған жөн. Оның үстіне қазақстандықтар тексерудің бұл түрінен тұрғылықты емханасы арқылы тегін өте алады. Иммун тапшылығы вирусын емдеуге болады. Бірақ одан толық айығып кету мүмкін емес. Ретровирусқа қарсы күшейтілген терапияның арқасында вирус жұқтырған пациенттердің өмірін 70- 80 жасқа дейін ұзартуға болады дейді мамандар. Аталған терапия жасушадағы ақуыздарға әсер ететін ферменттердің қызметін әлсіретеді. Нәтижесінде иммун тапшылығы ЖИТС-ке айналмайды.

ЖИТС вирусы алғаш рет 1981 жылы АҚШ-та Калифорния штатында кистозды пневмонияға шалдыққан гомосексуалистер арасында табылған. 1983 жылы атақты ғалымдар Люк Монтанье және Франсуаза Барре-синусси зерттеп, лимфоциттерде орналасқандығын дәлелдеген. 1984 жылы ағылшын ғалымы Роберт Галло ЖИТС вирусын зерттеп, адамдарда ғана пайда болатынын дәлелдеген. Қазіргі кезде вирустың нашақорлар арқылы (есірткіні көк тамырға жіберген кезде, шприцті бірнеше адамның қолдануы), донорлық жолмен (тексерілмеген қанды, мүшелерді трансплатациялау кезінде), гомосексуалистер арқылы (бірдей жыныстылар арасындағы жыныстық қатынастар), анадан нәрестеге жұғу арқылы (ЖИТС ауруына шалдыққан жүкті әйелден балаға берілуі), гемофилияға(қанның ұйымауы) ауруына шалдыққандар арқылы сияқты бес таралу жолы бар. Аурудың инкубациялық кезеңі 10-15 жылға дейін созылады, себебі вирус тасымалдаушылардың 50 пайызы сау адамға жұқтырады, өздері ауырмайды. Қалғаны вирусты жұқтырып алғаннан кейін дене температурасы 40 градусқа жетіп, баспа 10-15 күнге дейін ісініп ауырады. Лимфаденопатияда ағзадағы барлық бездердің ісініп, қатаюы байқалады. 

ЖИТС ауруына ұқсас кезең. Ауруға шалдыққандарда диарея болып, дене салмағы төмендейді, тершендік, ұйқысыздық, әлсіздік, тәбеттің болмауымен сипатталады. Нақты науқас кистозды пневмония, капоши саркомасы, цитомегаловирус туғызатын мидың ісік ауруы сияқты қатерлі ісіктерге шалдығады:. Иә, бүгінгідей білім ғасырында, технологияның дамыған заманында медицина саласында озық ойлы, білікті мамандарды ойландырып, емін таба алмай келе жатқан дерттің біріне айналып отырғаны қатты алаңдатады. Аурудың арнайы емі жоқ, бірақ халықты салауатты өмір салтын насихаттауға шақыру, аждаһа дертті ауыздықтау, халыққа аурудың алдын алу мен жұқтырып алмау тәсілдерін түсіндіру шаралары тажалды тежеуге және адам өмірінің сапасын шамалы болса да ұзартуға көмектеседі. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» демекші, адамға денсаулық бір-ақ рет беріледі, ал сіздің денсаулығыңыз – өзіңіздің қолыңызда. Әр адамның мәнді де сәнді өмір сүруі үшін денсаулықтың әсері ұшан- теңіз. Сондықтан да өмірдегі ең жарқын шақтарыңызға, дендеріңіздің саулығына бүгіннен бастап қамқор бола жүріңіз. 

Айбек МЕЙІРМАН

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT