Кешеден бері Бурабайдың баурайында IV Ұлттық құрылтай аясында екі күн бойы ел дамуының бағыт-бағдарын айқындайтын өзекті мәселелер талқыланып жатыр.
Жалпы, құрылтай – қазақ халқының дәстүрлі қоғамдық-саяси институты. Ол маңызды шешімдер қабылданатын, елдің даму бағыты талқыланатын, билік пен халық арасындағы байланыс орнатылатын жиын ретінде белгілі. Тарихи тұрғыдан алғанда, құрылтай үлкен саяси және әлеуметтік оқиғаларға байланысты шақырылатын, онда билеушілер, ру басылары, батырлар мен билер ел тағдырын шешетін мәселелерді қарастыратын.
Қазіргі заманда құрылтайдың маңызы қайта жаңғыртылып келеді. Қазақстанда түрлі салаларда құрылтайлар өткізіліп, маңызды саяси, мәдени және экономикалық мәселелер талқыланады. Айталық, 2022 жылы өткен «Ұлттық құрылтай» жаңа қоғамдық диалог алаңы ретінде ұсынылды. Бұл халық пен билік арасындағы ашық пікір алмасу форматының бір көрінісі.
Жалпы, құрылтай – халықтың үнін билікке жеткізудің бір жолы. Алайда, оның қаншалықты тиімді болатыны ұйымдастырылу сапасына, шешімдердің орындалуына және халықтың сеніміне байланысты. Егер құрылтай тек символикалық шара ретінде қалып қойса, оның қоғамға тигізер пайдасы аз болмақ. Ал егер нақты шешімдер қабылданып, олар іске асса, құрылтай қоғам мен мемлекеттің дамуына ықпал ететін маңызды институтқа айналуы мүмкін.
Мұқар Шаяхметов,
"Ақжонас" ЖШС директоры