Еліміздің ауылдық елді мекендерін білікті мамандармен қамтамасыз ету мақсатында 2009 жылдан бастап «Дипломмен ауылға» мемлекеттік бағдарламасы тұрақты түрде жүзеге асырылып келеді.
Бағдарламаның негізгі бағыттары денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мамандарға бюджет қаражаты есебінен көтерме жәрдемақы және тұрғын үй сатып алуға бюджеттік кредит түрінде әлеуметтік қолдау шараларын ұсынып, жас мамандарды қолдау және ауылдық жерде тұрақтандыру.
Бағдарлама нәтижесінде, біздің ауданымызға 2010-2025 жылдар аралығында оқу бітіріп ауылға келген 718 маманға әлеуметтік қолдау шаралары көрсетілген. Соңғы 2023-2025 жылдары 57 білім беру, 31 денсаулық сақтау, 5 мәдениет, 13 ветеринария, 6 спорт, 8 мемлекеттік қызмет салаларының мамандары көтерме жәрдемақы, 5 денсаулық, 15 білім беру, 1 ветеринария, 1 мемлекеттік қызмет салаларының мамандары тұрғын үй сатып алуға бюджеттік кредит түрінде әлеуметтік қолдау шараларын алды.
Осы орайда «Ауылдық елді мекендерге жұмыс істеуге және тұруға келген денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мамандарға әлеуметтік қолдау шараларын ұсыну қағидалары» ҚР-сы Ұлттық экономика министрінің 2014 жылғы 6 қарашадағы №72 бұйрығымен тапсырылатын құжаттар тізімі бекітілген.
Әлеуметтік қолдау шараларын ұсыну мөлшері:
1) көтерме жәрдемақы- 100 АЕК;
2) тұрғын үй сатып алу немесе салу үшін әлеуметтік қолдау:
ауданның әкімшілік орталғы болып табылатын ауылдық елді мекендерге келген мамандар үшін-2500 АЕК мөлшерінен аспайтын сомада;
ауылдық елді мекендерге келген мамандар үшін-2000 АЕК мөлшерінен аспайтын сомада айқындалған.
Аудан әкімінің қаулысына сәйкес аудан бойынша сұранысқа ие мамандар тізбесі жасақталады. Бұл тізбеде әлеуметтік қолдау шараларын алғысы келетін маманның саны және мамандығы көрсетіледі.
Тұрғын үй сатып алуға немесе салуға несие 15 жылға дейінгі мерзімге беріледі және жылдық сыйақы мөлшерлемесі ҚР Премьер-Министрінің орынбасары-Ұлттық экономика министрінің 2025 жылғы 4 тамыздағы №74 бұйрығына сай, 0,01%-дан 1%-ға өзгертілді.
Әлеуметтік қолдау шараларын алу кезінде маман ауылдық елді мекенінде орналасқан ұйымында кемінде үш жыл қызмет етуге міндеттемелер қабылдайды.
2025 жылы 40 маманға көтерме жәрдемақы түріндегі әлеуметтік қолдау шараларының толық көрсетілгенін және 8 маманға тұрғын үй сатып алуға немесе салуға бюджеттік несие жоспарлағандығын хабарлай отырып, жоғарыда аталған салалардағы аудан жастарына бағдарламаға қатысып, көрсетіліп отырған әлеуметтік қолдау шараларын пайдалануға мүмкіндіктеріңіз бар екендігін хабарлаймыз.
Осы мәселемен Атырау облысы, Құрманғазы ауданы, Құрманғазы ауылы, С.Көшекбаев көшесі №2 үй, «Атырау облысы Құрманғазы аудандық экономика және қаржы бөлімі» мемлекеттік мекемесі 8(71233) 21003 байланыс телефондары бойынша ақпарат алуға болады.
Түймәлиева Інжу Елдосқызы,
Аудандық экономика және қаржы бөлімінің бас маманы

