Қазақ елі - дүниежүзіндегі бейбітшілік пен татулықты, тұрақтылықты қастерлейтін бірден-бір мемлекет, сондықтан да Тәуелсіздік алған сәттен бастап бейбітшілікті ту етіп, әлемнің түкпір-түкпірімен саяси, мәдени, әрі рухани, достық қарым-қатынас орнатты. Сонымен қатар, жаңадан қалыптасқан мемлекет ретінде халықаралық ұйымдарға мүше атанып, еліміздің терроризмге қарсы ұстанымын ашық білдірді.
Бүгінде әлемнің көптеген елдері үшін терроризммен күрес ең өткір мәселесеге айналып отыр. Терроризмді насихаттаушы діни топтардың қауіптілігі сондай, қой терісін жамылған қасқыр іспеттес, қасиетті Құран аяттарының үзінділерін тілге тиек етіп, өздерінің арам пиғылдарын іске асыру үшін діни құндылықтарды бұрмалап, дінді санаға айла-шарғы жасаудың қолайлы құралына айналдырып отыр. Алайда терроризм және ислам - бір-біріне түпкі тамырынан бастап қарама-қайшы және бірін-бірі жоққа шығаратын құбылыстар. Шынайы дін адамзатқа тура жол нұсқаушы ретінде азаматты адамгершілік тұрғыда тәрбиелейді, отансүйгіштікке баулиды, өшпенділік пен басқыншылықты былай қойғанда, адамдарды теріс іс-әрекеттен бойын аулақ ұстауға шақырады. Өкінішке орай, қазір кейбір күштердің адамның діни сауатсыздықтарын пайдалана отырып, діншілдердің діни сезімдерімен ойнап, олардың саналарын жаулау арқылы экстремистік және террористік сипаттағы қылмыстар жасауды жүзеге асыру үшін ұсынылған идеяларды таратуымен бетпе-бет келудеміз.
Қазіргі таңда елдегі ахуалды сыни тұрғыдан бағалау негізінде тұрғындардың шет елдердің идеологиялық экспансиясына қарсы берік діни иммунитетін күшейтетін дүниетанымдық көзқарастарды қалыптастыру мәселесі аса өзекті болып отыр. Біз Ислам дінін үйренгенде, бірбеткейлік пен асыра сілтеушіліктен бойын аулақ ұстайтын парасатты мұсылман тұлғасын тәрбиелеуге мүдделіміз. Біздің дәстүрлі дініміз ата-бабаларымыздың көп ғасырлық даналығына негізделген. Ұлы Абай, Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп ұстанған қазақтардың дәстүрлі мұсылмандығында басты негіз ретінде соқыр сенім емес, ақыл-парасат алынған. Ұстамдылық және қоғам бірлігін қорғау идеялары көптеген қазақ ойшылдарының философиялық еңбектерінде көрініс тапқан және бүгінгі қазақстандық қоғам арасында да кеңінен таратуға әбден лайықты. Қазақ даласының Әл-Фараби, Яссауиден бастап Абайға дейін жалғасқан мың жылдан астам рухани тарихы бар. Ендіге жерде біз еліміздің ғасырлар бойы жинаған рухани құндылықтарын жинақтап, жаңғыртып, бүгінгі қоғам игіліне жаратуымыз керек.
Қорыта келгенде ислам жайындағы үстірт түсініктерге, жат мәдениет ықпалына көзсіз еруге, сырттан импортталған діннің жетегінде кетуге қарсы тұра алатын бірден бір күш – бұл біздің дәстүрлі әрі қазақы мұсылмандығымыз. Жан тазалығына, ар тазалығына негізделген, сыртқы көріністегі емес, жүректегі иманды қасиет тұтқан ұлттық рухани құндылықтарға оралу, оларды кеңінен насихаттау арқылы жат идеологияға тосқауыл қоюға болады. Алдағы уақытта осы бағыттағы насихат жұмыстары еліміздегі дін саясатының негізгі бағыттарының біріне айналуы тиіс.
Ж.Бектемиров,
Орлы ауылдық округінің әкімі