Бәрі де Тәуелсіздіктің жемісі!

(0 Votes)

Халқымызға ғасырлар бойғы арман болған тәуелсіздік, егемендік ұстанымдарын биікке көтеретін бұл күн – біздің Отанымыздың әрбір азаматы үшін қастерлі мереке. Азаттықты аңсаған елдің сан ғасырлық арман-мұраты орындалды. 

Тәуелсіздік бізді қалай келді десеңіз, бұл ғасырлар бойы толастамаған айқастың, елім деп еңіреген ерлердің қаны арқылы келген жеңіс. Сол жеңісіміздің бүгінгі жемісі қандай десеңіз,  тәуелсіз мемлекет ретінде белгілі бір өңірге ғана емес, әлемге танылдық. Дүниедегі күллі елдермен байланыс орнатып, тереземіз барша мемлекетпен теңесті. Қаншама жетістіктер мен жағымды жаңалықтардың куәсі де болдық. Шекарамызды белгілеп, өз әскеріміз, астанамыз, жеріміз, тіліміз, төл теңгеміз бар жұртқа айналдық. Елдіктің, мемлекеттіліктің барлық нышандары, белгілері орнықты. Азаттықтың арқасында Мәңгілік ел болу деген ұлы мұратымызды да айқындап алдық.

Ел тәуелсіз болмай, тіл тәуелсіз болмайтыны ақиқат. Тәуелсіздік дәуірінде ана тілімізді дамыту үшін барлық жағдай жасалып, оң өзгерістер орын алды. Осы аралықта қазақ тілінде білім беретін мектептер мен оқу орындарының, балабақшалардың саны еселеп көбейді. Тәуелсіздік жылдары ана тілімізді дамыту жолында едәуір оң өзгерістер орын алды.

Тәуелсіздіктің төлқұжаты саналған Конституция 1995 жылы 30 тамызда бүкілхалықтық референдумда демократиялық, зайырлы мемлекеттің заңы болып қабылданды. Сондан бері Ата Заңға бірнеше рет өзгертулер мен толықтырулар енгізілді. Халық пен мемлекет арасындағы коммуникативтік күшке айналды.

Егемендікпен бірге елдіктің нышаны – мемлекеттік рәміздеріміз бекітіліп, белгіленді. Шұғылалы күн, қалықтап ұшқан қыран құс, тік бұрышты көгілдір түсті матада ұлттық ою-өрнектер нақышталған мемлекеттік туымыз бүгінде Ақордадан бастап, әрбір мемлекеттік мекеменің төрінде желбір қағып тұр. Тәуелсіз мемлекетіміздің Туы биік ареналарда көкке көтеріліп, мәртебемізді асқақтатуда. Өзіндік өнегесі бар – Елтаңбамыздағы шаңырақ, оған жалғанған уықтар, пырақ пен жұлдыз - берекенің, батылдық пен еңбексүйгіштік, ынтымақтың нышаны дейтін болсақ, алтын түстес жазулар – байлықтың, әділдіктің, кеңпейілділіктің символы іспеттес. Мемлекеттік Әнұранымыз Жұмекен Нәжімеденовтың сөзіне жазылған Шәмші Қалдаяқовтың ел арасына кеңінен таныс «Менің Қазақстаным» әні. Айбынымызды асқақтата шырқалып жүрген тамаша туынды жастарымызды Отансүйгіштікке тәрбиелеп келеді.

Тәуелсіздігіміздің келесі жемісі - елордамыздың Астана қаласының қалыптасуы. Оған әрбір тұрғынның, әсіресе, халықтың басым бөлігін құрайтын жастардың үлесі зор деп айтар едім. Себебі, арман қуып, үмітін үкілеп, Астанаға жиналған жастар өзін дамыту арқылы елорданың, елдің дамуына әсер ететіні анық. Астананға жұмыс бабымен жиі іс сапарға барып тұратындықтан бір нәрсеге көзім жетті. Астана – шексіз мүмкіндіктер мекені және асқақ армандар мен биік мақсаттардың алтын кілті дер едім. Болашағын  Астанамен байланыстырған адамның алдынан екі бірдей есік ашылады.  Оның бірі — ғылым-білімге деген, екіншісі — жаңа орта, жаңа мүмкіндіктер мен жаңа идеяларға толы жарқын болашаққа деген бастау. Бұл үлкен қалада үнемі қайнаған тіршілік, айналаңда жанталасып-жағаласып жүрген бір адам, яғни, бәсекелестік өте жоғары, ал, бәсекелестік бар жерде ғана алға жылжуға, дамуға мүмкіндік бар.

Азаттықтың ақ таңы атқан 1991 жылы өмір есігін ашқан Тәуелсіздіктің төл құрдастары да жайлы айтпай кетпеске болмас. Бүгінгі таңда орда бұзар отыздың үшеуіне келген олар отбасын құрып, кәсіби маман ретінде түрлі салаларда еңбек етіп, еліміздің дамуына тамшыдай болса да өз үлестерін қосуда. Қазіргі таңда білім, өнер қуған жастарға елімізде еш шектеу жоқ. Демеу беріп, болашақта білікті маман болуға көмек зор. Осының барлығы — Қазақстанның тәуелсіз ел болуы мен ел тізгінін ұстаған азаматтарымыздың кемеңгер саясатының арқасы.

Жалпы Тәуелсіздік жылдарында ел дамуы қай саласы да өрге басты, экономикамыз ілгерілеп, халқымыздың әл-ауқат дәрежесі жақсара түскені жасырын емес.

Билік халық үнімен санасып, бұқараның ұсыныс, тілектері шынайы ескеріліп, оны орындау жолында батыл қадамдар жасалуда. Халық пен биліктің арасындағы байланыс нығайып, бұқара мұң-мұқтажын бүкпесіз жеткізетін ахуал қалыптасуда.

Барлығы өтеді, қалатыны ел, қалатыны жер, қалатыны ұрпақ! Сол ұрпақ – ата-бабаның қанымен, маңдай терімен келген Тәуелсіздікті құрметтей түсуі үшін үнемі еске салып отыру - бізге міндет! Тәуелсіз Қазақстанның болашағы жарқын, алар асуы биік болғай!

Эльмира ИСПУСИНОВА,

аудандық мәслихат депутаты

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT