Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІV сессиясында сөйлеген сөзін тыңдап, жүрегім елжіреп отыр. Ел Президенті айтқандай, бейбітшілік пен тұрақтылық – біз үшін ең қымбат құндылықтар. Бұл – әрбір азаматтың бірлігі мен ауызбіршілігінің жемісі.
Құрманғазы ауданы – шекара бойында орналасқан өңір. Атырау мен көршілес Астрахан облысының халқы бір-бірімен туыстай араласып-құраласып, күнделікті өмірде тығыз байланыста. Сауда-саттық, мәдени алмасу, отбасылық қатынастар – бәрі де бауырластық негізде өрбіп жатыр. Бұл – Қазақстан мен Ресей арасындағы достық пен ынтымақтастықтың нақты көрінісі.
Президентіміздің "тек бірліктің арқасында ғана біз кез келген қиындықты еңсере аламыз" деген сөзі – әрбір азаматқа ой салуы тиіс. Өткен жылы Ақтауда болған ұшақ апаты кезінде халқымыздың жұмыла көмек қолын созғанын, бір-біріне тірек болғанын көріп, ел болып елжірегеніміз рас. Бұл – халқымыздың жүрегінің кеңдігі мен мейірімділігінің айқын дәлелі.
Мемлекет басшысы атап өткен ұлттық құндылықтар – мейірімділік, қамқорлық, тілеулестік – біздің ауылда да басты орынды алады. Құрманғазылықтар әрдайым бір-біріне қол ұшын беріп, үлкенді сыйлап, кішіні құрметтеп келеді. Осындай қасиеттер өскелең ұрпақтың бойында да сақталуы тиіс деп есептеймін.
Президенттің бұл сөзі – елдің тұтастығын, халықтың татулығын нығайтуға арналған маңызды үндеу. Біз, шекара бойындағы халық ретінде, ел ішіндегі татулық пен көрші мемлекеттермен арадағы достықты бағалаймыз, әрі оны болашақта да сақтауға үлес қоса береміз.
Жұмақай Ғұмаров,
Құрманғазы аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы