Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев баланың тәрбиесі мен білімі ең алдымен отбасыдан басталса, оны толықтырып, бағыттайтын негізгі орта – балабақша екенін атап көрсеткен. Сондықтан да балабақшалардағы білім мен тәрбие сапасын көтеру – ұлт болашағына жасалған инвестиция. Соңғы жылдары елімізде балабақшаға кезек пен орын тапшылығы мәселесі өзекті күйінде қалып келді. Бұл түйткілді шешу үшін Президентіміз тарапынан нақты тапсырмалар берілді. Атап айтқанда, 3–6 жас аралығындағы балаларды балабақшамен 100% қамту – басты мақсат етіп қойылды.
2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында елімізде 195 жаңа балабақша ашылып, 14 800 жаңа орын пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 49 мың орынға дейін жеткізілуі тиіс. Бұл – мыңдаған ата-ананың мәселесін шешіп, балалардың сапалы тәрбие мен білім алуына жол ашады.Жаңа балабақшалар салу жеткіліксіз, маңыздысы – ондағы тәрбие мен білім сапасы. Президент бұл тұрғыда тәрбиешілердің кәсіби деңгейін арттыруды, оқу бағдарламаларын жаңартуды тапсырды. Қазіргі таңда 100-ден астам балабақшада «Адал еңбекке баулу» атты жаңа жоба енгізіліп жатыр. Бұл бастама арқылы балаларға ерте жастан еңбекке деген құрмет, өзіне деген жауапкершілік, ұқыптылық сияқты қасиеттер сіңіріледі.
Сондай-ақ, «Бестен бұрын үлгер» атты ерте даму бағдарламасы да пилоттық түрде енгізілді. Бұл әдістеме баланың логикалық, шығармашылық және әлеуметтік дағдыларын 5 жасқа дейін дамытуға бағытталған. Балабақша жүйесі еліміздің барлық аймақтарын қамтуы тиіс. Осы мақсатта ауылдық елді мекендерге ерекше назар аударылып отыр. Ауыл балаларына да қаламен тең жағдай жасалуы қажет. Бұл ретте жаңа балабақшалар салу мен бар мекемелерді жаңғырту жұмыстары жүйелі жүргізілуде. Сонымен қатар, ерекше білімді қажет ететін балалар үшін инклюзивті топтар ашылып, тәрбиешілер арнайы курстардан өтуде. Бұл – әр баланың қабілетін ашуға бағытталған әлеуметтік әділдік қағидасын іске асыру жолы. Жалпы балабақша жүйесін дамытудағы ең басты ресурс – тәрбиешілер мен педагогтар. Президентіміз бұған дейінгі Жолдауында бұл мамандықтың мәртебесін көтеру, еңбекақыны әділ белгілеу, біліктілікті арттыру курстарын көбейту міндеттелді. Тек заманауи ойлайтын, кәсіби дайын тәрбиешілер ғана жаңа заман баласына сапалы тәрбие бере алады.
Мектепке дейінгі білім беру мәселесі стратегиялық маңызға ие бағыт.. Балабақша – жай ғана балалар мекемесі емес, бұл – жеке тұлға қалыптасатын алғашқы орта. Сондықтан бұл салаға жасалып жатқан әрбір қадам – Қазақстанның кемел болашағына негіз болары анық.
Айнагүл Сахбалиева,
«Жұлдыз-ай» балабақшасының меңгерушісі