Бағдарымыз – айқын, мақсатымыз – ортақ

(0 Votes)

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Қазақстаннан басқа Отанымыз жоқ. Бағдарымыз  –  айқын, мақсатымыз – ортақ» деген еді. Расында, еліміздің жарқын болашағы оның әрбір азаматының белсенді өмір сүруінде. «Отан – біздің ең үлкен анамыз. Әркім Отанына көрсеткен қызметіне жылу дәметпеуі тиіс. Ол – оның азаматтық борышы»,- деді ақын Мұхтар Шаханов. Біз тәуелсіздік тұғырын биік ұстап, мемлекеттігімізді нығайта беруіміз қажет. 

Республика күні! Бұл  күнді сан ғасырлар бойы бабаларымыз аңсап, найзаның ұшымен, білектің күшімен тәуелсіздікке қол жеткізді. Көпшілік білетіндей, 1990 жылғы 25 қазанда «Егемендік туралы» декларация қабылданды, еліміз тәуелсіздікке бет бұрды, азат болудың алғышарты жасалды. Сондықтан біз үшін бұл күннің орны ерекше. Жастарды отансүйгіштік қасиетке, елдік рух пен ұлттық ұстанымын берік етуге шақыратын ұлттық мерекенің маңызы зор. Бұл күн – нағыз қазақтың кеудесі қуанышқа толы болатын, халықтың думандатып тойлайтын, мерекелік көңіл-күй  орнайтын, сыйлайтын айтулы күн.

Елдікке бастаған ерекше күн мерекелер қатарынан алынып тасталғанымен, осыдан екі жыл бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев оны қайтадан атаулы күндердің бірі етіп бекітуі көпті қуантқан жайт болды. Ұлттық мереке сәтінде Қазақстан халқының достығы, төзімділігі, жеткен жетістігі, ұлттық стратегиялық мүддесі мейлінше насихатталып, патриоттық, бүгінгі Қазақстан патриоттығын айқындайтын факторлар әлемге паш етілуі тиіс дегенді алға ұстайтын да іспетті. Осы күні Қазақ елі, жері, рәміздері, Президенті жайлы, президенттік басқару туралы қысқаша деректер бұқаралық ақпарат құралдары арқылы беріліп жатса, ірі тұлғалар, қоғам қайраткерлері қалың бұқараға тәуелсіздіктің мәнісін ашып, осы ұғымды тарихи тұрғыда тереңнен талдап беруі керек-ақ деушілер де аз емес. Сол күні егемен еліміздің көгінде біздің менталитетімізге жақын, жүрегімізді тербетіп, жылу беретін ән-әуездер қалықтаса деп тілек етушілер де көп.

Қазіргі шақта Жаңа, Әділетті Қазақстанды құрудың маңызды қадамдары жасалуда. Еліміздің құрылымдық жүйесінде, саяси-экономикалық бағытында жаңғыртулар қолға алынды. Халық жаңа қоғам қалыптастыруға деген бастамаларға қолдау білдірді. Оның бір дәлелі – жуырда өткен жалпыхалықтық референдумның нәтижесі. Баршаңызды еліміздің тәуелсіздігіне жол ашқан Ұлттық мереке Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын! Халқымыздың рухын көтеріп, елдігімізді нығайтатын, бірлігімізді бекемдеп, ынтымағымызды арттыратын айшықты мереке әрбір жерлесімізге шаттық сыйласын!

Ғабиден ӘБДЕШОВ,

Алға ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT